Ұлттық ұлан сарбаздары подполковникке құрмет көрсетті
Жүктелген міндет абыроймен орындалуы керек
Өскеменде №5518 әскери бөлімінде сарбаздар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Спорт және дене даярлығы басшысы, подполковник Бауыржан Дарыбаевқа құрмет көрсетіп, зейнетке шығарып салды, деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Салтанатты іс-шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев, өңірдегі спорт саласының жетекшілері, ардагер спортшылар мен сарбаздар қатысты.
Арман Жұмағалиев Бауыржан Дарыбаевты тапсырмаға жауапты болғанын, Ұлттық ұлан сарбаздарын спортқа баулығынын ерекше атап өтті.
Подполковник Бауыржан Дарыбаев 2007 жылдан бастап «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Спорт және дене даярлығы басшысы лауазымына тағайындалған. 20 жылға жуық уақыт ішінде ол ұландықтарды спортқа баулып қана қоймай, сайыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізуге ықпал еткен. Нәтижесінде өңірлік қолбасшылықтың әскери қызметшілері республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерде алтыннан алқа таққан.
Әрбір қызметте нәтиже болуға тиіс. Менің ұстанымым осындай. Барған жеріңде жүктелген міндетті абыроймен орындап, кез келген істі дөңгелетіп әкету қажет. Бұл өзіңе жағымды естеліктерді сыйлайды, - деді запастағы подполковник Бауыржан Дарыбаев.