СІМ Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сенбеуге шақырды
Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтың қазіргі жағдайы айтылды
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров әлеуметтік желіде тараған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты ақпаратқа сенбеуге шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
СІМ баспасөз мәслихатында журналистердің бірі ведомствоның ресми өкіліне «Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты іс қай сатыда? Өйткені, әлеуметтік желіде Ақжарқынның елге қайтарылғаны жөнінде ақпарат тарап жатыр?» деп сұрақ қойды.
Айбек Смадияров бұл мәселе бойынша ресми түсінік бере алмайтынын жеткізді.
Соңғы бірнеше жылда әлеуметтік желіде сан түрлі ақпарат жарияланды. Ешбірін растаған жоқпыз. Сондықтан ол туралы ақпаратты растай алмаймын. Егер қандай да бір сұрағыңыз болса, Бас прокуратураға хабарласуыңызға болады. Экстрадиция мәселесіне осы мемлекеттік орган жауап береді. Біз (Ақжарқын Тұрлыбаймен) байланыстамыз, жағдайы жақсы, - деді СІМ ресми өкілі.
Еске салсақ, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталды. Ол есірткі контрабандасы үшін айыпталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған. 2015 жылы Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Ақжарқынды есірткі қылмысына алдап итермелеген Нигерия азаматына қатысты қылмыстық іс қозғады. 2022 жылғы 20 маусымда Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов күдікті Нигерия азаматы шетелде ұсталғанын хабарлады. Бұған дейін оған халықаралық іздеу жарияланған болатын.