×

Депутат қаңтар оқиғасынан сабақ алмаған шенеуніктерді сынға алды

Оның айтуынша, ведомство үкімет сағатында тек газ тарифіне қатысты мәселені қозғаған

 Дәурен Ерболат 06.06.2022 | 13:39
Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Отырыста депутат Ғалым Әміреев қаңтар оқиғасы туралы ауыз ашпаған Энергетика министрлігінің басшыларына шүйлікті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол газ мәселесі қарапайым қазақстандықтар үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Біз бір нәрсені ұмытып отырмыз. Жаңаөзенде газ бағасының өсуінен кешегі қаңтар оқиғасы болып, наразылық басталды ғой. Дәл сол оқиғаның алдында 7-8 ай бұрын Мәжілісте бәсекелестікке қарасты заңды қараған кезде Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, Монополияға қарсы агенттіктің өкіліне «Газдың бағасын бақылау керек, оны халық көп айтып жатыр» деп бұл мәселені айтқанбыз. Сол кезде олар немқұрайлылық танытқан, - деді ол.

Ғалым Әміреевтің пікірінше, министрлік қаңтар оқиғасынан тиісті қорытынды шығармаған.

«Бүгін біз сол мәселенің есебін тыңдап отырмыз. Неге біз бұрын болған оқиғаларға қорытынды жасамаймыз? Кешегі жағдай болғаннан кейін тек 3-4 адам жауапкершілікке тартылды. Ол газ мекемесінің директоры, сол өңірдегі әкімдікте жұмыс істейтін азаматтар. Мен Энергетика министрлігінен бір адам жауапкершілікке тартылды дегенді естіген жоқпын. Министрлік бұл мәселені қалай бақылайды? Біз кешегі қаңтар оқиғасына себеп болған мәселе туралы бір ауыз сөз айтқан жоқпыз… Қазір халық осыны сұрап отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, ведомство үкімет сағатында тек газ тарифіне қатысты мәселені қозғаған.

Біз газды өзіндік бағасынан төменге сатып жатырмыз дейсіздер. (Қаңтар оқиғасында – автор) сұйытылған газ бағасы 3 есе көтеріліп, 120 теңгеден сатылған кезде қайда болдыңыздар? Қазір біз есімізді жинап, осы мәселемен айналысып жатырмыз. Бірақ сол кезде бұл мәселе көтерілген жоқ, - деді Ғалым Әміреев.

Айта кетейік, биыл 2 қаңтарда Маңғыстау облысы Жаңаөзенде жүздеген адам сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына қарсы наразылыққа шықты. Олар әкімдік маңындағы жолды жапты. Кейін наразылық Қазақстанның басқа өңірлеріне ұласты. Қаңтар оқиғасынан ресми дерек бойынша 230 адам қаза тапты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама