Жергілікті полиция табылған мәйіттің кімге тиесілі екенін әлі айта алмай отыр
Бенсхайм қаласында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қазақ әйелі Айгүл Сайлыбаеваның туыстары Германияға жетті. Қазір олар еріктілердің көмегімен Айгүлдің өз бетінше іздестіріп жатыр.
Айгүлдің інісі Қанат Сайлыбаевтың Halyq Uni тілшісіне хабарлауынша, оның бауыры мен анасы Германияға жеткен.
Кеше еріктілердің көмегімен қара пакетке салынған мәйіт табылды, бірақ полиция кімнің мәйіті екенін айтпады, - деді Қанат Сайлыбаев.
Бенсхайм қаласының полициясы Айгүл Сайлыбаева мен күйеуінің шешесі Наталья Донцоваға іздеу жариялап, екі аптадан бері таба алмай жатыр.
Айта кетелік, Айгүл Сайлыбаева – бұрын Астана қаласы Сарыарқа ауданының судьясы болып қызмет еткен, сондай-ақ ол «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
1984 жылы туған Қазақстан азаматы 2019 жылдан бері күйеуі Александрмен бірге Франкфурттен 40 шақырым жердегі Бенсхайм қаласында тұрып жатқан. Туыстары Айгүлдің отбасынан жәбір көріп жүргені жайлы тіс жармағанын, тек достарына ғана баяндағанын айтады. Олар 5 маусымда Франкфурт қаласындағы Қазақстанның бас консулдығына 2024 жылғы 3 маусымда қызының жоғалып кеткенін айтып арыз түсірген.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Бенсхайм қаласында жоғалған қазақстандық судьяның туыстары Германияға жеткенін растады.
Ведомство өкілінің айтуынша, қазір СІМ Германия полициясынан хабар күтіп отыр.
Қазір жоғалған Қазақстан азаматының шешесі мен ағасы Германияда жүр. Оларға виза алуға көмектестік. Полициямен тығыз байланыстамыз, жұмыс істеп жатырмыз. Жақын арада ақпарат болады деп күтеміз. Әзірше, бар ресми ақпарат осы, - деді ресми өкіл СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.