Астанада рұқсатсыз жерге қоқыс төккендердің көлігі тәркіленуі мүмкін
Әкімдік пен ІІМ заңға осындай түзету енгізбек
Астанада бүгінде халық санының көбеюі, пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үй кешендері ауданының ұлғаюы, коммуналдық қалдықтардың жиналуы және түзілу нормаларының ұлғаюы байқалады. Қала аумағынан күн сайын шамамен 1,2 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады.
Осыған байланысты, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қала аумағындағы қалдықтарды шығару, жинау және тасымалдау бойынша қызмет сапасын жақсарту мақсатында, әкімшілік аумақтарға сәйкес қоқыс шығаратын компанияларды анықтау бойынша конкурс жариялаған.
Басқарма мәліметінше, конкурс қорытындысы бойынша әр ауданда өзінің қоқыс шығаратын компаниясы анықталған. Осы күнге дейін қалада бір компания жұмыс істеп келсе, енді 4 компания жұмыс істейді. Осыған байланысты тұрғындардың арыз-шағымы да азая бастаған.
Жыл сайын ғарыш мониторингі арқылы 500-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталады. Биыл «Ғарыш Сапары» АҚ-ның алдын ала мәліметі бойынша қалада 206 аумақ анықталды. Қоқыс үйінділерін жою жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады, сонымен жыл басынан бері 15 аумақ тазартылды, барлығы 12,7 мың тонна қоқыс шығарылған, - делінген басқарма жауабында.
Оған қоса, құрылыс қалдықтарын қабылдау инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2023 жылы «Солтүстік жота» алаңы іске қосылған. Онда құрылыс қалдықтарын (асфальт, кірпіш, бетон және т. б.) қайта өңдеуге арналған қуаты жылына 196 000 текше метр ұсақтау кешені орнатылған. Алаң іске қосылғалы бері 245 мың тонна құрылыс қалдығы қабылданған.
Сонымен бірге, шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, әкімдік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске өзгеріс енгізбек. Онда қайталап құқық бұзғаны үшін мүлкін (көлігін) тәркілеу түріндегі жазаны қосу көзделген.
Бұған дейін Астана қаласының айналасын күл-қоқыс жайлағаны Halyq Uni мәселе етіп көтерген еді. Әсіресе, жол бойына жағалай төгілген құрылыс қалдықтары Нұра ауданына қарасты Шыңғыс Айтматов пен Хусейн бен Талал көшелерінің бойында көп. Бақылаусыз жатқан бос жерге кім көрінген келіп қоқыс қалдықтарын төге берген. Қала шетіндегі көшелермен жүрген адам осындай көрініске жиі тап болдаы. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» деген, бас қаламыздың кейпі осындай болса, қалған қалалардың жағдайы нешік?