Тоқаев кінәлі адамдарды жазалауды талап етті
Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаз комаға түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жағдайға байланысты қорғаныс министріне тапсырма берді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты. Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті, - деп жазды Уәли.
Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде сарбаздың анасы видеоүндеу жариялап, 2005 жылы туған ұлы Нұржігіт Әбділпаттаға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық жасалғаны туралы айтты.