Балалардың мүрдесін шатастырып алған мәйітханадан 1 млн теңге өндірілді
Бюроның бас дәрігері қызметінен босатылды
Қызылорда қалалық сотына әйел келтiрiлген моральдық шығынның орнын толтыру туралы облыстық патологиялық бюроға талап қойып шағымданған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, талап қоюшының 4 айлық қызы 2023 жылы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Сол күні перинаталдық орталықта тағы бір әйелдің сәбиі өлі туған. Балалардың мәйіттері мәйітханаға жеткізілген. Мүрдені беру туралы өтініш берген кезінде мәйітхана қызметкерлері оның баласының мәйіті қателесіп басқа ата-анаға берілгенін айтқан. Ал ол ата-ана бұдан бейхабар болып, арызданушы әйелдің сәбиін жерлеген. Содан кейін эксгумация рәсімі жүргізіліп, қыздың денесі талап қоюшыға берілген.
Міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін мәйітхана қызметкеріне тәртіптік жаза – қатаң сөгіс берілді. Бюроның бас дәрігері қызметінен босатылған. Сот бұл фактінің медициналық мекеме қызметкерлерінің салғырттығынан болғанын растады. Бұл жағдайлар талап қоюшыға моральдық-психологиялық азап пен эмоционалдық күйзеліс туғызды деген қорытындыға келді, – делінген сот хабарламасында.
Осыған байланысты сот талап қоюды қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеу ретінде талап қоюшының пайдасына патологиялық бюродан 1 млн теңге өндірді.