Қоғам белсендісі залалсыздандыру жұмысы дұрыс жүргізілмегенін, бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалғанын айтады
Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданына қарасты үш ауылды шіркей басты. Ауыл тұрғындары залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілмегеніне шағымданып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Марқакөл ауданының Марқакөл, Қалжыр және Боран ауылдық округтерін шіркей көбейген. Жергілікті белсенді Ержан Қабибрахманның айтуынша, бұрын мұндай жағдай болмаған.
Марқакөл ауданында сұмдық жағдай болып жатыр. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. 20 күн бұрын залалсыздандыру жұмысын істегендей болды. Актіге қол қойылған. Бірақ шіркей басылған жоқ. Қазір шіркей ауыз ашқызбайды. Сізбен сөйлесу үшін бөлмеге кіріп кеттім. Далаға шыққанда бет-ауызымызды тұмшалап алмасақ құлаққа дейін кіріп кетеді. Бұл проблеманы аудандық әкімдік, мәслихат пен тіпті «Аманат» партиясына дейін жеткіздік. Шағымдануға болатын қандай мемлекеттік орган болса, бәріне бардық. Бірақ нәтиже жоқ, - деді ол.
Сондай-ақ ауыл тұрғыны шіркейден мал қырылып жатқанын айтты.
«Шіркейден мал қырылып жатыр. Ауыл тұрғындары «Бір қора тауығым қырылды» деп видеосын жіберіп жатыр. Кейбіреулер оны ашып айтпайды. Қазір шіркейден иттер де өліп жатыр. Шіркей талап, құрттап жатқан иттер қыңсылап жылайды. Обал. Мен үйдегі итімді маса-шіркейден сақтау үшін аэрозоль сатып алып, соны сеуіп отырмын. Оның бір құтысы 1 мың теңгеден асады. Қашанғы сатып алып отырамыз. Үкімет неге халыққа көмек бермейді? Тендерді ұтып алған компания келіп бір рет дрондарымен залалсыздандыру жұмысын істеп кетті. Мына шіркейді құрту үшін дронмен емес, ұшақпен залалсындандыру керек. Күршім ауданының ЖКХ ол қызмет үшін ақша төлемей қойған. Енді ол компания екінші рет залалсыздандыру жүргізуден бас тартып отыр», - деді ауыл тұрғыны.
«АУДАН БӨЛІНІП ШЫҚҚАНЫМЕН, ӘЗІРГЕ БЮДЖЕТІ ЖОҚ»
Мәселенің мән-жайын Марқакөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рүстембек Кемешевтен сұрап білдік. Аудан басшысының мәліметінше, компания бұған дейін 10 га жерге залалсыздандыру жұмысын жүргізген. Алайда оның ақысы төленбеген соң, жұмысты жалғастырудан бас тартқан.
«Бізде қазір екі аудан бөлінгенімен, бізге қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан бұл жұмысқа мердігер Күршімнің ЖКХ арқылы 20 млн теңгеге жуық сомадан 8,2 млн теңгеге дейін түсіріп жеңіп алған. Бұл азамат алғаш рет шіркей шықпай тұрғанда келіп, 10 мың га аумақта залалсыздандыру жұмысын жүргізді. Кейін шіркей шыққанда тағы шақырдық. Сол кезде компания «бірінші рет жүргізілген залалсыздандыру жұмысының қаржысы төленбегенін» айтып, келуден бас тартты. Ол компанияға соманы екі есе түсіріп «міндеттеме алдыңыз ба, қазір жұмысты тоқтатпауыңыз керек» деп айттым. Себебі компанияның есептеулі өз қаражаты болуы керек. Одан кейін анықтап, төлемей жатқан жағдайда сотқа шағымдануына болатынын түсіндірдім. Қазір Күршім ауданымен байланыс ұстап отырмыз. Бүгін алғашқы жұмыстың ақшасы төленді деген хабар беріп отыр. Сондай-ақ алдағы бір-екі күнде ол компания келіп, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді деп отыр. Ауылдағы белсенді азаматтарға айтып, жұмыстың сапалы жүргізілуін қадағалайтын боламыз», - деді ол.
Тұрғын мал шығынына әкелген жағдай компания қателігі екенін атап өтті.
Бұл жерде қателік компания тарапынан болып отыр. Себебі компания соманы екі есе түсіріп ұтып алып, әрекетсіз отырғаны дұрыс емес. Осы жағдайды прокуратураға ауызша жеткіздім. Әрі бұл сома үш бірдей ауылды залалсыздандыру үшін жеткіліксіз. Биыл ылғал өте көп, шөп жақсы өсіп жатыр. Бұл табиғаттың құбылысы. Апат деп айтуға болмайды, су тасқыны емес. Қазір мал өлді деп естіп жатырмыз. Жаңадан ашылған аудан болғандықтан, әзірге бюджетіміз жоқ. Тек қана тіркеу жұмыстарын аяқтап жатырмыз, - деді Рүстембек Кемешев.
Айта кетейік, аталған үш ауылдық округте шіркейден залалсыздандыру жұмысы «Арыстанбекова» ЖК-не жүктелген. Аудандық бөлімше Дәл осы кәсіпкермен биыл мамырдың 10 күні аудандық бөлімшенің арасында келісім жасалған.
«Жоспарлы сома 17 857 142 теңге болған, бірақ мердігер бағаны 8 200 000 теңгеге түсіріп, ұтып алды. Яғни ол 11 мың гектар аумақта 3 ай бойы дезинсекция жүргізуге жеткілікті ақша болады деп шешкен. 26.05.2024 ж. актіге сәйкес мердігерге 4 100 000 теңге, яғни 13-14.05.2024 жылдар аралығында 5 000 ГА орындалған жұмыстар үшін барлық соманың 50% төленді. Бұл ретте актіде көрсетілген мәліметке сенсек, «Амазон» құралдарын қолдану жөніндегі нұсқаулыққа және әдістемелік нұсқауларға сәйкес, технологиялық нормалар сақталды. Залалсыздандыру «Амазон» инсектицидін қолдана отырып, ыстық тұман генераторымен жүргізілді. Препараттың нормасы 1 гектарға 200-250 грамм жүргізілетін жұмыстардың дұрыстығы, қоғамдық және қауіпсіздік шарттары сақталуға тиіс. Іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шаралары сақталды, арнайы киімдермен және ЖҚҚ қамтамасыз етілді. Еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, масалардан өңдеу әдістемесі бойынша нұсқаулық өткізілді», - деді «Әділдік жолы» РҚБ ШҚО филиалының жетекшісі Әділ Пшенов.
Алайда қағаз жүзінде бәрі дұрыс болғанымен, тұрғындар шіркейден зардап шегіп отыр. Сондықтан бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалды деп есептейді.
«Істелген» жұмысқа қарамастан, тұрғындар шіркейден зардап шегіп отыр. Қазір қорадағы тауықтардың қырылып жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ үй жануарларының денесінде шіркейдің дернәсілдері пайда болып жатыр. Тіпті, тұрғындар далаға москит торымен қапталып жүруге мәжбүр. Тұрғындар залалсыздандыруды ұшақпен жүргізу керек деп отыр. Билік бұған құлақ аспаса болмайды. Өйткені жазда мал семіретін уақыт, ал олар керісінше шіркейге жем болып жатыр. Бюджет қаржысы ауаға кетті, тиімсіз жұмсалды. Сондықтан бұған жол берген Күршім ауданының билігін жауапкершілікке тарту керек деп санаймын», - деді Әділ Пшенов.