×

СҚО тұрғындары өңірге газдың Ресейден тартылғанын қаламайды

Бүгінде аймақты газдандырудың екі жолы қарастырылып жатыр

 Самат Жақып 06.06.2022 | 13:06
коллаж: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысын мәселесі соңғы кездері қоғамда жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі. Астықты өлкеге көгілдір отынды Ресейден тасымалдайды деген түрлі алып-қашпа әңгімелерде тарап жатқаны жасырын емес. Бірақ, жергілікті тұрғындардың көбі аймаққа «Сарыарқа» газ құбырының тартылғанын қалайды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазақстан халқының 58%-ы газға қол жеткізді деген статистика бар. Алайда Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары әлі күнге дейін отын жарып, көмір жағып отыр. Ауылдарды айтпағанда, қаланың тұрғындары да пештің «отымен кіріп, күлімен шығады».

Жергілікті халық болса өзге көппен бірге өркениет игілігін көруге асық. Қазір Солтүстік Қазақстанға газ тартудың екі жолы қарастырып отыр. Алғашқысы Ресейден газ тасымалдау жүйесіне қосылу болса, екіншісі «Нұр-Сұлтан – Көкшетау - Петропавл», яғни «Сарыарқа» магистарлдық газ құбырының құрылысын тосу.

«Петропавлға қазақстандық газдың тартылғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені тәуелсіз мемлекет болғанымызға 30 жылдан асып бара жатыр. Сондықтан басқа елге жалтақтап, оларға тәуелді болуымызды қою керек. Ресейден газ келетін болса, біз оларға мәңгілік қарыздар болып қаламыз емес пе? Оның үстіне ақшаны сыртқа шығындаймыз. Ол кімге керек? Қазақстан кенге бай, Менделеев таблицасындағы барлық элементтер өзімізде бар деп мақтанып жатамыз. Соны енді сөзбен емес, іспен дәлелдейтін кез келген сияқты. Ресейден келетін газға жеке басым қарсымын. Шетелдіктер оған еш кепілдік бермейді. Ертеңгі күні газды айырып тастаса, бар шығын босқа кетпей ме? Сондықтан көпке шыдаған, азға да шыдайды демекші «Сарыарқа» құбырын Петропавлға дейін тарту жұмыстарын тездету керек. Жалпы Ресейдегі туыстарымызға барғанда қызыға қарайтынымыз рас. Таңертең тұрып, газын қосады. Үйлері тез жылынады, әрі таза. Пеш жоқ. Өте тиімді. Яғни көмір жаққаннан әлдеқайда жақсырақ. Газ - атмосфералық қабатта тұрып ауаны ластамайды. Ал, біздің көмірден қоқыс қалады. Оның бағасы да арзан емес. Оның өзі тапшы болып, күзде-қыста халық оны таппай сенделіп қалады», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Ерден Қожахметов.

Еліміздің «солтүстік қақпасы» санаталатын Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселесінің айтылып келе жатқанынан 20 шақты жыл болды. Бірақ, осы уақыт аралығында билік басындағылар сөзден іске көшкен емес. Алғашында өңірді Қостанай облысы секілді Ресейдің газ тасымалдау жүйесіне қосу ұсынылған болатын. Алайда ол Үкімет тарапынан түрлі себептерге байланысты еш қолдау таппады. Енді биыл бұл жоба тағы қозғалды. Яғни Қазақстан-Ресей жұмыс тобы құрылып, талқыланып жатыр.

«Министрліктегілермен әкімдіктер бірлесіп, газдандырудың нұсқаларын қарау үшін тұтынудың шамадағы көлемін анықтап, ресейлік тарапқа жолдап қойды. Мұнымен қоса  газ құбырларының оңтайлы маршруты анықталды. Яғни бірінші бағыт «Барнаул – Рубцов – Семей – Өскемен – Павлодар». Ұзындығы - шамамен мың шақырым. Ал екінші бағыт «Есіл – Петропавл – Көкшетау – Нұр-Сұлтан». Оның ұзындығы - 644 шақырым. Қазір ресейлік тарап есептеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сәтін салса осы жылдың екінші тоқсанында дайын болмақ. Сондай-ақ біз Шығыс Қазақстан облысы мен солтүстік өңірлерді Ресейден сұйытылған табиғи газды жеткізу арқылы газдандыру нұсқасын зерттеп жатырмыз», - деді ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов.

СҚО-НЫ ГАЗБЕН ҚАМТУ ҮШІН ШАМАМЕН 140 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРАЖАТ КЕРЕК

Көгілдір отын еліміздің солтүстігіне жетсе, өңірдің экономикасына айтарлықтай алға басатыны жасырын емес. Себебі қазір заманауи технологияның барлығы осы газ арқылы жұмыс істейтініні белгілі. Қазір газдың жоқтығынан инвесторларды тарту да оңайға соқпай отыр. Қалталы азаматтардың талабын орындау үшін, жергілікті билік барынша жағдай жасап отыр. Алайда бастамалардан еш нәтиже болмай тұр. Қазір өңірді «Сарыарқа» газ құбырына қосу үшін алдын ала есептеу жүргізілді. Өңірдегі 457 мың адам тұратын 139 ауылға газ жеткізу үшін шамамен 140 миллиард теңгеқаражат керек. Ал өлкеде тұтынылатын көгілдір отынның жылдық көлемі екі миллиард текше метрді құрамақ.

«Солтүстікке газ келсе тамаша болар еді. Ауылдағы ағайындар қыста екі көлік отын түсіреді. Биыл оның бағасы 55 мың теңгеден болып жатыр екен. Екі машина отының - 110 мың теңге. Сосын көмір аласың - 180 мың. Бізде қыс алты айға созылады. Есептесек, айына 40-45 мыңнан шығады. Ал қалада тұратындар айына 45 мыңнан коммуналдық қызметке төлемейді. Сол себепті газ келгені әсіресе ауылда тұратын ағайынға тиімді. Енді екінші мәселе бар: Ресейден бе, әлде Қазақстанның газы ма? Қазіргі геосаяси ахуалға байланысты, ертең Ресей бізге газды қандай бағамен сатады? Еуропалық бағамен сатса, болмаса нарықтық бағаға бейімдесе, оны халықтың қалтасы көтермейді деген ойдамын. Ол жағын да естен шығармау керек. Сондықтан өзіміздің газдың жеткенін тұрғындар құптайды. Ресейдің газы бізден 40 шақырымдай жерде ғана орналасқан. Яғни, еліміздің шекарасына дейін келіп тұр. Сол шекара бекетін алып қарасаңыздар, айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, біздің бекеттегі мамандар ғимаратты отын-көмір жағып жылытады. Ал әрі 50-100 метрден кейін Ресей елінің шекарасы. Ол жердегі нысан газбен жылытылады. Шекараның арғы жағындағы ауылдар көгілдір отынның иігілігін көріп отыр. Біздікілер пеш жағып, күл шығаруда. Бізге газды Ресейден тартқан жақын болғанымен, бірақ екінші жағын да ойлауымыз керек. Біз оларға тәуелді болғаннан кейін, ертең коммуналдық төлемді рубльмен жасаңдар десе қалай болады», - дейді қоғам белсендісі Жанат Мұхамеджанов.

ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛМЕУІНЕН ЭКОЛОГИЯҒА ЗИЯН КЕЛІП ЖАТЫР

Өңір тұрғындары амалдың жоқтығынан жаппай көмір пайдаланып, қаланың аспапын қара бұл торлап отыр. Оған қоса, орман алқаптары да жаппай оталып жастқанын естен шығармағанымыз жөн. Тек Петропавлдағы жылу электр орталығының өзіне жылына 3 миллион тоннадан астам қатты отын жұмсалады екен. Ал, оның жартысына жуығы қалдық күйінде қайта шығады.

«Петропавл жылу электр орталығы соңғы екі жылда орта есеппен 1 100 000 тонна күл шығарған. Оның үстіне көмірді жағудан атмосфераға азот оксиді, азот диоксиді, көміртегі оксиді, күкірт диоксиді, бейорганикалық шаң сияқты ластаушы заттар көптеп таралады. Аталған кәсіпорындағы отынның негізгі түрі - Екібастұз көмірі. Егер аталған стратегиялық нысан газға көшсе мұндай проблема болмайды. Яғни атмосфераға ластаушы зат шығарындысының көлемі азаяр еді», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан унивеситетінің оқытушысы Данияр Әбутәліп өңірге газды екі жақтан да тарту қажет деп есептейді. Сонда аталған мәселе тез шешімін табады. Әрі бәсекелестік болады.

«Сарыарқа» газ құбыры Нұр-Сұлтан қаласына жетті. Енді жоспарда үшінші кезең тұр. Яғни, көгілдір отынды Солтүстік және Шығыс аймақтарға жеткізу. Негізінен алдағы 3-4 жылда бұл мәселе толығымен шешілуге тиісті. Географиялық жағынан Ресейдің газы бізге жақын, ал экономикалық тұрғыдан өзіміздің газ тиімді деп санаймын. Жалпы менің ойымша екі жақтан тарта берген дұрыс. Өйткені бәсекелестік болады. Ал бәсекелестік болған жерде баға саясаты реттеледі. Әрі екі жақ білек сыбана кіріссе, мәселе тез шешілер еді. Сондықтан сарапшыларды тартып, арнайы комиссия құрылса нұр үстіне нұр болады», - дейді М. Қозыбаев университеті экономика және есеп кафедрасының оқытушысы Данияр Әбутәліп.

Өңірге газ жетсе тұрғындардың әлеуеті артып, тұрмысы түзеледі. Оңтүстіктен көшіп келемін деген ағайындардың да қатары артатыны сөзсіз.  Бірақәзір көгілдір отын көпке арман болып тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама