Былтыр Шымкентте 1 млрд 673 млн теңге игерілмеген

Дастан Жұмабекұлы

Келесі сессияда оқу жылына және жылу маусымына дайындық мәселелері қаралады

Фото: Halyq Uni

Шымкентте VIII шақырылымдағы қалалық мәслихаттың кезекті 17-сессиясында қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаев былтыр қалада 1 млрд 673 млн теңгенің игерілмегенін айтты, деп хабарлады otyrar.kz.

Ол қаланың 2023 жылғы бюджетіне есеп беріп, былтыр 651 млрд теңгенің 649,4 млрд теңгесі игерілгенін атап өтті.

Оның айтуынша, шығыстардың басым бөлігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, көлік және коммуникация, әлеуметтік, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және басқа да салаларға тартылды. Бюджеттің құрамында шығыстар 479 млрд теңге, даму шығындары 171 млрд теңге болды.

Сонымен бірге жиында бірқатар мәселе қаралып, барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сессияға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Отырыста білікті дәрігер Бақытжан Позилов мәслихат депутаты болып сайланды. Ол әлеуметтік бағытта, денсаулық сақтау, білім, халықтың әлеуметтік мәселелерін жүйелі түрде шешу бағытында жұмыс істейтінін жеткізді.

VIII шақырылымдағы кезекті 17-сессияда Шымкенттің «Құрметті азаматы» атағын алатын азаматтардың да есімі белгілі болды. Депутаттар бұл атаққа үміткер болған 12 адамды да бірауыздан мақұлдады.

Сессияда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалу барысы, цифрландыру саласында атқарылған жұмыстар секілді бірқатар мәселе қаралып, барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Енді кезекті сессия тамыз айының екінші жартысында өтеді. Онда оқу жылына және жылу маусымына дайындық мәселелері қаралады.