Алматы облысында жер иелері мемлекетке 1,5 млрд теңге төлемеген
Прокуратура 155 жер учаскесін қайтарды
Алматы облысының прокуратурасы жер иелерінің учаскелерді пайдалану мақсатын өзгерткені үшін 1,5 млрд теңгені төлемеу деректерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заң бойынша, мұндай әрекеттерді жасаған кезде жер учаскесінің иесі оның кадастрлық құнын төлеуге міндетті. Облыс бойынша осындай 100-ден астам жер иелері анықталды.
Облыс прокуратурасы қабылдаған шаралар бойынша бүгінде бюджетке 236 млн теңге қайтарылып, қалған ақша өндіріліп жатыр.
Сонымен қатар облыс прокуратурасының қадағалау актісі бойынша биыл 2,5 млрд теңге тұратын, аумағы 12,5 мың гектар пайдаланылмаған 155 жер учаскесі қайтарылды.
Мысалы, 2020 жылы Қонаев қаласында бір кәсіпорынға гидроэлектростанция салу үшін аумағы 500 гектар 5 жер учаскесі берілді. Алайда құрылыс осы күнге дейін басталмаған. Тағы бір мысалда, Іле ауданында Solid Cristal ЖШС-ға 339 млн теңге тұратын 38 гектар учаске берілді. Ол 6 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмаған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша 1 млн гектарға жуық пайдаланылмаған жер учаскелерін қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.