Бірқатар өңірде зиянкестер қаптаған болатын
Түркістан облысында шегірткемен күрес шаралары аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталық жедел штаб отырысында өңірлердегі ахуал туралы есеп тыңдады, деп мәлімдеді үкімет.
Түркістан облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы барлық қорғаныс шаралары аяқталды, жағдай тұрақтанды. Болжам бойынша, өңірде шегірткелердің таралу аумағы 271,5 мың гектарды құрады, іс жүзінде 340 мыңнан астам гектар өңделді. Ақтөбе облысында 414 мың га, Қостанай облысында 140 мың га өңделген. Абай, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Батыс Қазақстан облыстарында шегіртке үйіріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жамбыл және Қызылорда облыстарында өңдеу жұмыстары аяқталды, – дейді ведомство.
Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында итальялық прусқа, ал Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында азиялық шегірткеге қарсы қорғау шаралары өңдеуге жататын алаңдардың анықталуына қарай басталады.
Жедел штаб отырысының қорытындысы бойынша вице-премьер аумақтардағы мониторингті, химиялық өңдеу сапасын бақылауды күшейтуді, Түркістан облысында шығарылған техникаларды қорғау шаралары жалғасып жатқан өңірлерге жіберуді тапсырды.
Түркістан облысында шегіртке тағы 60 мың гектарға тарады. Үкімет шегірткеге қарсы күресу үшін дрондар сатып алады.