Тағы да әскердегі келеңсіздік: елордада взвод командирі әріптесін атып алған
Енді ол армия қатарынан мүлдем қуылуы мүмкін
Нұр-Сұлтан қаласы жанындағы №68665 әскери бөлімшесінде Арман А. есімді азамат капитан шенінде взвод командирі болып қызмет атқарады. Ол биыл 26 ақпанда ғимарат ішінде қаруынан оқ атып, әріптесін жаралаған.
Inbusiness.kz тілшісінің жазуынша, оқиға сыртқа жайылмай, бөлім ішінде реттеліп, «жабулы қазан» күйінде қалған көрінеді. Содан бері қылмыстық іс, тергеу жүрген. Бірақ іс сотқа дейін жетпеген. Әрине, тергеу кезінде әскери қызметші қызметінен уақытша аласталады. Енді армия қатарынан мүлдем қуылуы мүмкін.
Болған оқиғаға қатысты офицердің нұсқасын оның анасы Гүлайым айтып берген. Ол Қорғаныс министрлігіне хат жазып, баласын Қарулы күштер сапынан қумауды, жұмысын жалғастыруға, айыбын адал қызметпен өтеуге мүмкіндік беруді сұрапты. Айтуынша, баласы әріптесін әдейі атпаған.
«Сол күні балам кезекшілікті қабылдап жатқан кезінде қаруы байқаусызда атылып кетіпті. Оқ контрактімен әскери қызметте жүрген адамға тиген.
Құдайға шүкір, ол адам тірі қалды, қазір жағдайы жаман емес, ем алып жүр. Кешірім беруіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Менің балам әскери қызметті 14 жыл атқарды. Осыған дейін ешқандай сөгіс, ескерту алған емес. Биылғы қаңтар оқиғалары кезінде 12 күн бойы үй көрмей, Қарағанды блокпостында командирлік қызметін кіршіксіз атқарды, елорданы қорғауға қол астындағы адамдарды жұмылдыра білді», – дейді анасы.
Капитанның отбасында кәмелетке толмаған 3 баласы бар екен. Оның екеуі мүгедек көрінеді. Сондықтан әскери қызмет қаржылық қолдаумен қатар, әлеуметтік жеңілдіктер береді. Енді ол соның бәрінен айырылып қалғалы тұр. Сондай-ақ 2018 жылы Қорғаныс министрлігінің бағдарламасы аясында «Отбасы банкінен» ипотекаға алған пәтерінің несиесін төлеу де қиындамақ.
Қорғаныс министрлігі әзірге офицердің анасының өтінішін қарастырып жатқандарын ғана қысқаша хабарлаған.
Жалпы, биыл Қазақстан Қарулы күштерінде төтенше оқиғалардың жиілеп кеткені жасырын емес. Сондықтан президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілер арасындағы өлім-жітімнің жиілеуіне ерекше назар аударып отыр.