×

Тоқаев Мұрат Әуезовтің отбасы мен туыстарына көңіл айтты

Ол – қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы

 Қымбат Елтайқызы 15.06.2024 | 11:24
фото: ашық дереккөзден

Президент мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, шығыстанушы ғалым, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, дипломат Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

Мұрат Мұхтарұлы ұлт руханиятының алға басуына, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы, парасатты тұлға еді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең зерделеп, соңына өлшеусіз мол мұра қалдырды. Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артуына өзінің саяси-қоғамдық істерімен зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр кешіп, кемел де кемеңгер әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесі мен қадірлі есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген Ақордада жарияланған жеделхатта.

МҰРАТ ӘУЕЗОВ

1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Мерке кентінде қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов пен Фатима Ғабитованың отбасында дүниеге келді.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірді.

1970-1976 жылдарда «Эстетика кочевья» ұжымдық монографиясын әзірлеген (1975 жыл) М.М.Әуезов философия және құқық институтындағы эстетика тобына жетекшілік етті.

1981-1987 жылдарда «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып қызмет атқарды.

1988-1990 жылдарда Қазақстан жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасын басқарды.

1990-шы жылдардың соңында М.М.Әуезов Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі болды.

1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Халық депутаты болып сайланып, онда Кеңес Президумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы болды.

1992 жылғы желтоқсаннан ҚХР-дағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.

1995 жылы Алматы облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық келісім департаментін басқарды.

1999 жылғы желтоқсаннан «Сорос-Қазақстан» қорының атқарушы директоры, 2002 жылғы шілдеден қордың президенті.

2003-2006 жылдары Қазақстан Ұлттық кітапханасының бас директоры қызметін атқарды.

Қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов 80 жасқа толды. Қоғам қайраткері Мұрат Әуезов өмірден өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама