Halyq Uni логотип
×

Елімізде кассациялық соттар құрылады: не өзгереді?

Кассациялық соттардың пайда болуы қандай да бір үкімнің заңдылығын қайта қарауға мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 14.06.2024 | 17:15
Елімізде кассациялық соттар құрылады: не өзгереді?
Фото: Halyq Uni

Елімізде кассациялық соттар құрылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін Жоғарғы соттың бір судьясы істі кассациялық сатыда қарау-қарамауды жеке дара шешіп келді. Ал Астанада қылмыстық, азаматтық, әкімішілік істер бойынша кассациялық соттардың құрылуы қандай да бір үкімнің заңдылығын қайта қарауға мүмкіндік береді.

Жергілікті жерде қалалық немесе аудандық соттың шешіміне не үкіміне риза болмаған тараптар апелляцияға барады. Апелляциядан кейін кассацияға келген кезде бір ғана судья тараптарды шақырмай, «кассациялық алқаға беруге негіз жоқ» деп жарты бет қаулы шығарып, қайтарып жібереді. Ал кассациялық соттар құрылғаннан кейін тараптар кассациялық сотқа шағымдарын айта алады. Өңірлерде шыққан сот үкімінің заңдылығын жоғарғы сатыда қайта қарауға мүмкіндік болады, - дейді Абзал Құспан.

Бұл өзгеріс «Қазақстанның сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы жобасында көрсетілген. 2024 жылдың 14 маусымында өткен Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

ЗАҢ ЖОБАСЫНА ЕНГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Сенатор Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, Конституциялық заң жобасының мақсаты – сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру арқылы сот жүйесін одан әрі дамыту.

Заң жобасындағы түзетулер 3 бағытқа бөлінген. Біріншісі – сот жюриінің жұмысын жетілдіру.

Яғни, судьяның істі қарау барысында заңды бұзған-бұзбағанын тексерудің жаңа тегігі енгізіледі. Бұл судьялар тарапынан заңбұзушылықтарды болдырмауға бағытталған. Осылайша, жоғары тұрған сот төмен тұрған соттың істі қарау барысында заңды өрескел бұзғаннын анықтаса, облыстық немесе Жоғарғы соттың төрағасына судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту немесе тартпау туралы мәселені талқылау жөнінде Сот жюриіне ұсыныстар береді.

Қандай шешім шыққанына қарамастан, әрі қарай іс материалдары Сот жюриіне жіберіледі.

Бекназаровтың айтуынша, қазір судьяға қатысты шара қабылдау туралы шешім Жоғарғы соттың және облыстық соттардың пленарлық отырысында қабылданады. Ал Сот жюриіне судья тарапынан болған заңбұзушылықтың тек 26%-ы ғана түседі.

Сондай-ақ келешекте мұндай жағдайдың көп болуы мүмкін екені ескеріліп, Сот жюриінің құрамын 9-дан 15 мүшеге дейін ұлғайту қарастырылған. Оған 13 судья, сондай-ақ кеңесші дауыс беру құқығы бар заңгерлер қауымының 2 өкілі енеді.

Екінші түзету – сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның (әрі қарай – «комиссия») ұйымдастырылуы мен қызметінің тәртібін өзгерту.

Қазір заңдағы судьяның кәсіби қызметін бағалайтын талаптың бірі – «адамгершілік қасиеттері» талабы алынады. Себебі судьяның кәсібилігін бағалау Сот жюриі, судья әдебі жөніндегі комиссия және пленарлық отырыстарда жүзеге асады.

Сондай-ақ судьяның кәсіби біліктілігін бір жылдағы жұмысы нәтижесінде емес, 3 жылдағы нәтижеге қарап бағалау ұсынылған. Себебі судья бір жыл ішінде кәсібилігін бағалауға жететіндей істерді қармайды, тәжірибе жинап үлгермейді.

Комиссияға сот төрелігінің сапасы мен оның атқаратын лауазымына сәйкес деп тану және судьяны біліктілікті арттыру курсына жолдау өкілеті беріледі.

Ал судьяны атқаратын қызметінен босату немесе одан бас тарту туралы, судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы шешімді Жоғары сот кеңесі қабылдайды.

Үшінші түзету – судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан олардың құқығы мен әлеуметтік кепілдігін күшейту.

Конституциялық заң жобасында отставкадағы судьяларға өмір бойы қамтитын төлем мөлшеріне қатысты түзетулер де бар.

Сондай-ақ судьяға өзі қараған іс бойынша құжаттар Сот жюриіне жіберілгенге дейін материалдармен танысу мүмкіндігін беру, тәртіптік істі қарау барысында жеке өзінің немесе өкілінің қатысуы арқылы судьяның құқығын толыққанды қорғауға кепілдіктер беретін нормалар енгізілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама