Ол жәбірленушілерді 2,5 млн теңгеге алдаған
Түркістан облысының полицейлері қайтарымсыз несие алып беремін деп тұрғындарды алдаған күдіктіні ұстады.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтықпен айналысқан 38 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Күдікті әйел жәбірленушіден мемлекеттен қайтарымсыз несие алуға көмектесетінін айтып, алдын ала 500 мың теңге ақшасын алған.
Күдікті әйелдің тағы 3 адамды алдағаны белгілі болды. Ол жәбірленушілердің 2,5 млн теңгесін иеленіп кеткен. Содан кейін ол ақшаларды жұмсап жіберген.
Қазір сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізіліп жатыр.