Қазір жанармай бекеттерінде автогаз таллонмен беріліп жатыр
Оралда жыл сайын қайталанатын газ мәселесі жүргізушілердің наразылығын тудырды. Апта басынан бері оралдықтар көгілдір отын таппай сабылып жүр. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Қазір жанармай бекеттерінде автогаз таллонмен беріліп жатыр. Ал қалада газ құю бекеті санаулы-ақ. Ұзын-сонар кезек болмас үшін олардың өзінде шектеу енгізілген. Көгілдір отынды көлік иелері қалағанынша құйып ала алмайды.
Орал-Атырау тасжолының бір бөлігін су басқандықтан жанармайға да шектеу қойылды. Салдарынан мұнай өңдеу зауытынан шыққан ауыр жүк көліктері жолда тұрып қалған. Шенеуніктердің айтуынша, газ тапшылығына сол тасымалдың кешігуі себеп болған.
Өңір газды негізінен Атырау мен Ақтөбедегі зауыттардан алады. Оған қоса бензин бағасы аспандап кеткендіктен, көпшілік көліктерін газбен жүретіндей етіп жабдықтап алған. Шенеуніктер алдын ала келісім бойынша осы айда өзге өңірлерден 3 мың тоннадан астам отын жеткізіледі деп отыр.
Жеткізудегі қиындықтарға байланысты бірқатар жерде автогаз құю стансалары шектеулерге көшті. Сол себепті қазір облыстағы жағдайды тұрақтандыру осы 1-2 күнге жоспарланып отыр. Жағдай бақылауға алынды, – деді БҚО энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің бас маманы Бақытжан Ғилымов.