Жоғарғы сот Самат Әбіштің не себепті шартты түрде сотталғанын түсіндірді
Самат Әбіш – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі
Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің не себепті шартты түрде сотталғанын түсіндірді.
«Қылмыстық кодестің 63-бабында шартты түрде соттау қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі бар – бұл сыбайлас жемқорлық қылмыстар, аса ауыр қылмыстар, бұл жазалау мерзімі 12 жылдан асқан және басқа да бірнеше санаттағы қылмыстар. Шартты түрде жазаны қолдануға тыйым болмаса, оны әрбір нақты жағдайда сот шешеді.
Бұл заңның бабы, соттың оны қолданбауға құқығы жоқ. Яғни, адам бұрын сотталған ба, жоқ па, оның мінез-құлқы қандай, қылмыспен келтірілген залалды өтеген бе, міне осының барлығы ескеріледі. Бұл норма кеңестік кезеңнен қолданылып келеді», - деп түсіндірді Назгүл Рахметуллина.
2023 жылдың наурыз айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Қылмыстық іс барысында ол өзіне тағылған айыпты мойындаған. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, оған қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінде көрсетіген айып тағылған.
Іс «құпия» қаралғандықтан, сот отырыстары жабық форматта өтті.
Сот барысында прокурор Самат Әбішті белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде жазаны пробациялық бақылау белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп санауды айқындады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген, - делінген сот таратқан ақпаратта.
Сот үкімімен Самат Әбіш қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы шығарылды.
Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ Қазақстан президентіне Самат Әбішті арнаулы атағынан және мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданған.