Бұрынғы сүйіктісін мазалаған жігітке 3 бап бойынша тағылған айып сотқа жіберілді
Ол Volkswagen көлігін мас халде айдап келе жатқан жерінен ұсталды
Петропавлдық 44 жастағы тұрғын бірқатар құқықбұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жергілікті әйел бұрынғы сүйіктісінің мас халде жанжал шығаруына байланысты полицияға бірнеше рет жүгінген. Полиция ер адамға арызданушымен қарым-қатынас жасауға тыйым салатын қорғау бұйрығын шығарған. Алайда ол заңға бағынбай, әйелге ара-тұра жасырын нөмірден қоңырау шалып, бірде кешкі уақытта аулада жанжал шығарған.
Араға бірнеше күн салып, мас жігіт Volkswagen көлігін айдап келе жатқан жерінен ұсталды. Сол күні полицейлер оны қорғау нұсқамасын бұзу дерегі бойынша әкімшілік материал жинау үшін учаскелік пунктке шақырған. Онда ер адамның дөрекілік көрсетіп, қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбай, жанжал шығарғаны белгілі болды.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары әкімшілік кодекстің 3 бабы бойынша (Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін, қызметкерлерге бағынбағаны үшін және мас күйінде көлік басқарғаны үшін) материалдарды сотқа жіберді. Тәртіп бұзушылықтардың жиынтығы бойынша қала тұрғыны әкімшілік қамаудың шекті мерзімі – 30 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ оған алдағы 7 жыл бойы көлік басқаруға тыйым салынды.
Статистика бойынша әр оныншы қорғау нұсқамасы бұзылады. Бұл жаңа әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жыл басынан бері Петропавл бойынша 598 қорғау нұсқамасы шығарылып, оның 59-ы бұзылды. Бұл заң талаптарын бұзу 10 тәулікке әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады. Жалпы қорғау нұсқамасы – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте айтарлықтай тиімді құрал, – деді Петропавл қаласының ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Айдын Ахмағамбетов.