Жастарды әскерге мәжбүрлеп әкетуді қолдаймын – депутат
Абзал Құспан әскерімізді күшейту қажет деп санайды
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жастарды әскерге мәжбүрлеп жіберуді қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттың айтуынша, мұндай жағдай тек Қазақстанда болып жатқан жоқ.
Көршілес елдерде де осындай жағдай. Оған қоса, айналамызда болып жатқан геосаяси жағдайға байланысты әскерімізді күшейту қажет. Одан басқа жол жоқ. Мен оны қолдаймын. Дұрыс деп есептеймін. Өйткені, Конституция бойынша (әскерге бару) әр азаматтың борышы, міндеті, - деді Абзал Құспан.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде жастарды жергілікті әскери басқару органдарына мәжбүрлеп жеткізіп жатқан видеолар тараған еді. Қорғаныс министрлігі желіде тараған видеоға қатысты мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірді.
«Әскерге шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы келмеу фактілері болып жатыр. Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар бар. Өйткені олардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді», - деп жазылған хабарламада.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, полиция қызметкерлері заң талаптарына бағынбаған азаматтарды мәжбүрлі түрде шақыру пунктіне жеткізуге құқылы.
«Рейд кезінде кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатады. Мұндай жағдайда полиция оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуге құқылы. Шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді. Ал шақыруға негіз болса, медициналық комиссиядан өтуге және шақыру шеңберіндегі басқа да іс-шараларды өткізуге жібереді», - деп жазылған Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.