×

Мәсімов рақымшылық сұрады: іс Жоғарғы сотқа түспеген

 Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасауды сот шешпейді

 Дәурен Ерболат 14.06.2024 | 11:03
фото: Қазақ күресі ассоциациясының конгресі, 2020 жыл

Бұған дейін 18 жылға бас бостандығына айырылған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің ҚР президенті атына рақымшылық жасау туралы өтінішхат жолдағаны хабарланды.

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллинаның айтуынша, мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталып, 18 жылға сотталған Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасауды сот шешпейді.

Бүгінде таңда Кәрім Мәсімовқа қатысты істер Жоғарғы сотқа түспеді. Рақымшылық мәселесін сот шешпейді, - деді Назгүл Рахметуллина.

Halyq Uni елімізде қандай қылмыстық істер бойынша рақымшылық берілетінін сарапшылардан сұрап білген еді.

Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, рақымшылық жасау туралы актiнi Парламент жеке-дара айқындалмаған адамдар тобына қатысты шығарады. Ал президент айыптау үкiмi заңды күшiне енген белгiлi бiр жеке-дара айқындалған адамға кешірім бере алады.

Егер жеке өз басына сұрап тұрса, ол рақымшылық емес, кешірім актісі болады. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi қандай да бір қылмыстар бойынша берілмейді деген ешқандай шектеу жоқ. (Мәсімов) заң бойынша кешірім сұрай алады. Рақымшылық емес, кешірім жасау актісі, яғни басына сауға сұрай алады. Кешірім беру-бермеуді президент шешеді. Рақымшылық жаппай сотталғандарға немесе бір оқиғаға орай беріледі. Оны Парламент заңмен қабылдайды, - дейді заңгер Алмас Жұмағали.

Қылмысы үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрi өтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. Немесе азамат жазаның қосымша түрінен босатылады. Жазасын өтеген немесе оны одан әрі өтеуден босатылған адамдардан кешiрiм жасау актiсiмен сотталғаны алып тасталуы да мүмкiн. 

Заңгер Айыпхан Мұхамедиевтің айтуынша, Мәсімовтің немесе кез келген адамның президенттің атына кешірім сұрау туралы өтініш жазуы – оның Конституциялық құқығы.

Конституцияға сәйкес ҚР президентінің кешірім жасау құқығы бар. Сондықтан кез келген қылмыс жасаған адам оның ауырлығына қарамастан, осы құқығын пайдаланып, өзіне кешірім жасау туралы өтінішхат бере алады, - дейді заңгер.

МӘСІМОВ 18 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Олар генерал атағынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама