×

Маңғыстау облысында шенділер инвестордың жер телімін тартып алған

Учаске инвесторға жоба аясында уақытша өтеусіз пайдалануға заттай грант ретінде берілген болатын

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2024 | 10:33
Фото: gov.kz

Маңғыстау облысында жергілікті атқарушы орган Кәсіпкерлік кодекстің 288-бабы 2-тармағында көзделген талаптарды бұза отырып, жер учаскесін Hadid-TD ЖШС -нің меншігіне беруден бас тартқан. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Прокуратураның хабарлауынша, инвестор жер учаскесін бірнеше жылдан бері пайдаланып келген. Осы уақытта ол «Металл илегін өндіру цехын ашу» жобасын қолға алып, оған 245 млн теңге жұмсаған.

Осы жер учаскесі инвесторға жоба аясында уақытша өтеусіз пайдалануға заттай грант ретінде берілген болатын.

Алайда инвестор құрылыс-монтаждау жұмысын аяқтап, 30-дан астам жұмыс орнын ашқанына қарамастан, жергілікті атқарушы орган жоғарыда атап өткеніміздей, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 288-бабы 2-тармағында көзделген талаптарды бұза отырып, жер учаскесін одан әрі инвестордың меншігіне беруден бас тартқан. Яғни, инвестор инвестициялық міндеттемелерді орындағанына қарамастан жер учаскесін пайдалану мерзімін ұзарта алмаған, – делінген хабарламада.

Осы мәселеге байланысты прокурорлық қадағалау актісі негізінде жергілікті атқарушы органға сұрау салынып, істі соңына дейін жеткізіп, инвесторға жер учаскесі жеке меншікке берілді.

Жер телімінің көлемі – 5 гектар. Қазір ол 43 млн теңгеге бағаланып отыр. Ал инвесторға жер телімін бермеген уәкілетті органның қызметкері кінәлі деп танылып, тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама