Кітап авторы – елге белгілі айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаев
Астанада академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаевтың «Қанышнаме» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кітаптың алғысөзінде 60 жылдан астам ғұмырын академиктің өмірін зерттеуге арнаған белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің рухына арнағанын жазған. Кітап барлығы 300 шумақтан тұрады. Кітап дизайны ақынның талғамымен жасалған.
Поэма негізінде жазылған кітапта әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бүкіл өмір жолы мен атқарған қызметтері өлең, дастан негізінде суреттелген. Кітапты қалтаға салып жүріп оқуға ыңғайлы етіп, заманның талабына қарай Қанағаңның өзі тапқан алтын кесек түрінде жасалған, - деді Аспанбек Шұғатаев.
Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы жаңа кітапқа бағасын берді.
«Қаныш туралы жазылған өлең мен кітап аз емес. Бірақ Қаныш ол терең тұңғиық, қанша зерттесең де, шыға береді. Әрбір жазған сайын ғалымның 40 қырының әрбіреуі жеке-жеке ашылады береді. Бұл поэмада бұған дейін көп жазылмаған – оның ата-бабасының туған жері, тектілігі туралы ашылған. Қаныштың атасы Сәтбай қажы 1903 жылы атақты Мұса Шорманның туған інісі Иса Шорманмен Меккеге қажылыққа барған. Екеуі қайта алмай қалып, Меккеде жерленді. Автор соның бәрін поэмада ашып көрсеткен», - деді ол кітаптың тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде.
Айта кетейік, былтыр елімізде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Жалпыреспубликалық жоспар бекітілген болатын. Аталған жоспар 52 пунктен тұрады. Ғалымның мерейтойын жыл көлемінде атап өту рәсімінің ресми ашылу салтанаты биыл 12 сәуірде өтті.
«Қазір су тасқынына байланысты қиындықтар туындап жатқаны түсінікті. Соған байланысты Қаныш атамыздың Павлодар облысында өтетін мерейтойы кейінге қалды. Тамыз айының соңына қарай болады деген үмітіміз бар. Жалпы әрбір имидждік іс-шара, оның ішінде мерейтойдың да түрі бар. Қаныш – орны бөлек адам, қазақтың маңдайына біткен тұлға. Бұл жалғыз Қаныштың емес, барша қазақтың, қазақ ғылымының тойы. Бүгінде біз игілігін көріп отырған қаншама байлықты ашқан адамға мыңнан бір пайызын қайтаруға болады деп ойлаймын. Сондықтан дәл осы тойға келгенде үнем туралы сұрақ қойылмауы керек. Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы аясында жыл бойы көптеген дүние жасалып жатыр. Мәселе киіз үй тігіп, бәйге ұйымдастырып, ішіп-жеу емес. Мақсаты басқа, ғалымның артына қалдырған мол мұрасын жарыққа шығарып, халыққа жеткізу. Бұл қажет дүние, одан ақша аяуға болмайды. Себебі Қанышты насихаттай отырып, болашақ ұрпақты тұлға арқылы тәрбиелеу деп есептеймін», - деді Алтынбек Нухұлы.
Кітап авторы – елге белгілі айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаев. Бірнеше республикалық айтыстың жеңімпазы, 2015 жылы «Алтын домбыраны» иегері болған.