Halyq Uni логотип
×

Видеоға түсіріп, бопсалаумен айналысқан азамат сотталды

Ол 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды

 Дастан Жұмабекұлы 06.06.2022 | 10:57
Видеоға түсіріп, бопсалаумен айналысқан азамат сотталды
фото: ehonews.kz

Түркістан облысында ер адамды видеоға түсіріп, бопсалаған жас жігіт үш жылға сотталды.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, өзін белгісіз біреу бопсалап, ұялы телефонын тартып алғанын айтқан.

Жәбірленушінің айтуынша, оның араласып жүрген қызы қонақ үйге шақырған. Содан екі жас бөлмеде болған кезде, белгісіз адам кіріп келіп, «Менің сүйген қызыма зорлық көрсеттің, сотталып кеткің келмесе, бір аптада 500 мың теңге тауып әкел», деп қорқытқан. Онымен қоймай бейнетаспаға түсіріп, талап еткен ақшаны әкелмесең, видеоны таратып жіберемін деп ұрып-соққан.

Сондай-ақ, қолындағы Samsung S9 телефонын тартып алып, ақша әкелгенде телефоныңды қайтып аласың деп бопсалаған. Осы оқиғаны полицейлер бірден Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша тіркеуге алды. Сарыағаштық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, бірден іске кірісті.

Тәртіп сақшылары жәбірленушінің жауабы бойынша күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

Бұл істі Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Тимур Момбеков жүргізіп, күдіктінің қылмыстық ісін дәлелдеп шықты.

Сонымен қатар, жас жігіттің бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасап, 2019 жылдың 26 желтоқсанында Қазығұрт аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын алғаны белгілі болды. Яғни, күдікті жазасын өтеп болмай жатып, қайта қылмыс жасаған.

Полицейлер құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдап, жас жігіт ҚР ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша кінәлі деп танылып, Сарыағаш аудандық сотының шешімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама