Біз шөпті шабамыз. Бұл әдіс әлі де тиімді, - деді полицей
Жамбыл облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясында екі тоннадан аса қарасора өртелді.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, былтыр жасалған жаңа карта полицияға Шу алқабындағы жабайы қарасора өсетін нақты аумақты жүйелі бақылауға мүмкіндік берді. Полицейлер әр учаскені мұқият зерттеп, өткен аптада 1,8 гектар жерді орып, содан кейін оны өртеп, 2 тонна 150 келі жабайы қарасораны жойып жіберді.
Есірткіге қарсы акцияда жабайы қарасораның плантацияларын жойып жатырмыз. Жабайы қарасора негізінен қараусыз қалған бақшалар, мақсатына сай пайдаланылмайтын ауылшаруашылығы алқаптарында көп өседі. Біз оны жойғанда химияны пайдаланбаймыз. Өйткені ол экологияға зиян. Шөпті шабамыз. Оның тиімділігі жағынан химиялық заттан пайдасы аз болуы мүмкін. Бірақ әлі де тиімді әдіс саналады. Біз жыл сайын қарасораны түбімен жою үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап келеміз. Жұмысымызға түсіністікпен қарайтын ауыл тұрғындарына алғысымызды білдіреміз, – деді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Жалпы, былтыр Жамбыл облысының аумағында 220 тоннадан астам жабайы қарасора жойылған.