Қоймалар, әкімшілік ғимараттар мен цехтар бір адамның қолында болған
Биыл әскери прокуратура органдары Қорғаныс министрлігінің 30 жылға жуық уақыт заңсыз иелігінде болған нысандарын қайтарды, деп хабарлады Бас әскери прокуратура.
Олардың бәрі 6 млрд теңгеден астам сомаға бағаланып отыр.
Атап айтқанда, Бас әскери прокурордың талабы бойынша Жоғарғы сотпен құны 5 млрд теңгеден асатын Қорғаныс министрлігінің қорғаныс нысаны қайтарылды. Алматы қаласында көлемі 16 мың шаршы метрден асатын 10 қоймадан, 2 әкімшілік ғимарат, 2 өндірістік цехтан тұратын кешен 20 жыл бойы бір адамның қолында болған. Қазір осыларды қайта тіркеу рәсімі жүргізіліп жатыр. Олар тіркеуден өткеннен кейін қорғаныс қажеттіліктері үшін пайдаланылады, – деп хабарлады Бас әскери прокуратура.
Сондай-ақ қадағалау актілері бойынша құны 180 млн теңге болатын 22 жер телімі армияға қайтарылды.
Сонымен қатар, 25 жылдан астам заңсыз иелікте болған, жалпы құны 400 млн теңге тұратын 200-ден астам қызметтік пәтер мемлекет балансына қойылды. Олар тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерге таратылады.