Ақтауда өрттен үш бала құтқарылды (ВИДЕО)
Бірнеше өңірде тұрғындар тілсіз жаудан аман қалды
Маңғыстау облысында 3 бала өрттен құтқарылды.
Ақтау қаласы көппәтерлі тұрғын үйлерінің бірінен өрт шығып, тұрғындар өрт сөндіру бөлімдері келгенше тілсіз жауды өз күшімен сөндіруге тырысқан.
ТЖД 3 баланы өрттен алып шықты. Бір бала уланып, ауруханаға жатқызылды.
Бқдан бөлек, Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде бірінші қабаттағы пәтер өртеніп, 1 ер адам құтқарылды. Өрт матрастан шыққан. Төсек жанғанда тілсіз жау 1 шаршы метрді алып кеткен.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пәтерге тез жетіп, айналасы 13 минутта өртті сөндіріп үлгерді. Оның шығу себебі анықталып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев қаласында да жер үй өртеніп, ол жерден де адамдар құтқарылды. Құтқарушылар оқиға орнына келгенде жалын 65 шаршы метрге тарап кеткен. Өрт сөндірушілер тіліз жауды ауыздықтап, адамдарды ажалдан құтқарды. Зардап шеккендер жоқ.
Бүгін түнде Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылындағы дәмханалардың бірінен де өрт шықты. Онда дәмхананың бөлек жерде тұрған ас бөлмесі жанып кеткен. ТЖМ құтқарушылары 40 минутта 165 шаршы метр жерге тараған отты сөндірді.
Сондай-ақ Тараз қаласындағы жер үйлердің бірінде жиһаз цехына айналдырылған қорадан да өрт шыққан. Өрт сөндірушілер жалын арасынан 3 газ баллонын алып шықты.