Жыл басынан бері 102 қызметіне «ерігіп» қоңырау шалған 835 жағдай үшін айыппұл салған
Астана тұрғындарының арасында жалған ақпаратпен қоңырау шалып, арнаулы қызметті әуреге салу дерегі көбейіп барады. Қиын жаңдайда көмекке бірінші болып келетін органдардың жұмысын «ойын» көретін тұрғындардың дені ересектер болып шықты.
Елорда полиция департаментінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 438-бабы (арнаулы қызметтерді көпе-көрінеу жалған шақыру) бойынша 846 құқықбұзушылық әрекет тіркеліп, оның 835-іне айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылған.
Айта кетейік, бұл бап бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерiнде айыппұл қарастырылған. Ал сондай әрекеті бiр жыл iшiнде тағы қайталанса немесе мұндай әрекетке апат, өрт, қатты зілзала салдарын жою кезеңiнде барса, айыппұл 60 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.
Осындай құқықбұзушылық әрекетті 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер істесе, олардың ата-анасына немесе ата-анасының орнын басқан адамдарға ескерту жасауға, тіпті 15 АЕК көлемінде айыппұл салуға дейін шара қолданылады.
Полиция дерегінше, көп жағдайда азаматтар 102 қызметіне қандай да бір әкімшілік құқықбұзушылық бойынша, сондай-ақ қаланың әртүрлі нысанында жарылғыш құрылғылар қойылған фактілер жөнінде жүгінеді екен.
Статистика бойынша, полицияға «ерігіп» қоңырау шалатындардың көбі кәмелетке толғандар – ересек адамдар болып шықты. Оның үстіне, былтырмен салыстырғанда арнаулы қызметті әбігерге салатындай көбейе түскен.