×

Дебат турнирлерінің жеңімпаздары грант иегерлері атанды

100-ден астам маманнан тұратын тәжірибелі пікірсайысшылар пулы құрылды

 Динара Амантай 06.06.2022 | 10:13
Фото: egemen.kz

Дебат турнирлерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қомақты ақшалай сыйлықтар мен білім гранттарын алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл Қазақстанның 6 ЖОО 12 пікірсайысшы түлекке білім грантын берді. Олар Қорқыт ата атындағы университеті, С. Аманжолов атындағы ШҚУ, Х. Досмұхаметов атындағы Атырау университеті, Тұран университеті, Satbayev University және Нархоз университеті оқуға грант бөлді. Сондай-ақ турнирлерге қатысқаны үшін жастар грамоталармен, кубоктармен және 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Қазіргі уақытқа елімізде 120 944 адамды қамтитын 6 778 дебат клубы бар. Олардың құрамында оқушылар да, студенттер де белсенді түрде қатысады.

Елімізде оқушылар мен студенттердің дебат қозғалысы белсенді түрде дамып келеді. Екі жыл бұрын 4 405 мектеп және студенттік клубта 66 186 пікірсайысшы болса, бүгінде олардың саны 120 мыңнан асты. Олар сындарлы талқылау өнерін үйренеді, басқа дебатшылармен достық және сыйластық қарым-қатынас орнатады, сондай-ақ олар ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық белсенділіктерін арттырады. Биыл Балалар жылы аясында бес дебат турнирі ұйымдастырылады. Бүгінгі күні оның екеуі өткізілді. Оларға 500-ге жуық оқушы мен студент қатысып, кәмелетке толмағандарды оқыту, тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғаудың маңызды мәселелерін көтереді, – деп түсіндірді ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Оның айтуынша, пікірсайыс қозғалысын дамыту мақсатында Білім және ғылым министрлігі дебат қозғалысының жобалық кеңсесін құрды. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Жаңа мектепішілік дебат клубтары құрылып, облыстық және аудандық деңгейде үйлестірушілер анықталды, түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, вебинарлар өткізіліп жатыр.

Сонымен бірге оқушыларды дебат өнеріне баулитын 100-ден астам маманнан тұратын тәжірибелі пікірсайысшылар пулы құрылды. Одан бөлек, биыл Республикалық оқу-әдістемелік орталығы дебат клубтарының жетекшілеріне көмек көрсету мақсатында пікірсайыс машықтарын дамыту тақырыптарында 35 вебинар өткізді. Оларға 3 мыңнан астам адам қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама