Кострома қаласында ойын баласы терезеден секіріп кете жаздаған
Ұлттық ұлан офицері Жандос Нұрахметов Ресейдің Кострома қаласында баланы ажалдан құтқарып қалды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, 8 маусымда жергілікті уақыт бойынша сағат 19:30 шамасында подполковник Жандос Нұрахметов баласымен Кострома қаласының Галичская көшесінде серуендеп жүргенде, №51 үйдің 2-қабатынан 4-5 жастағы баланың терезеден ойыншық, киім, сөмкелерді лақтырып жатқанын көреді. Сол кезде Ұлттық ұланның офицері көшеден өтіп бара жатқан адамдардан терезе алдында жалғыз отырған бала мен оның ата-анасының кім екенін сұрап, балаға терезеден басын шығармауды өтініп сұрайды. Алайда бала оның бұл өтінішіне құлақ аспай, терезе арқауына асылып, сыртқа шығуға ұмтылады.
Сол жерде тұратын бір әйел жаныма келіп, бұл баланың денсаулығында кінәраты бар екенін айтты. Осы уақытта бала терезе арқауына асылып, сыртқа шығуға ұмтылды. Оның құлап кететінін сезіп, бар дауысыммен айқайлай бастадым. Үйде ересек адам болса, дауысты естісін деп балаға айқаладым. Алайда ойланып, біреудің шыққанын күтіп тұратын артық уақыт болмады. Дереу құбыр арқылы 2-қабатқа көтеріліп, баланы ақырын терезеге сүйреп апардым. Баламен бірге пәтерге кірсем, үйде ешкім жоқ екен. Мен кетсем, тағы қайталап жүрер деп балақайды көшеге алып шығып, ата-анасын жақсы танитын көршілеріне тапсырдым, – деді ұландық офицер.
Жандос Нұрахметовтің айтуынша, ол – Ресей Федерациясының Кострома қаласында Кеңес Одағының маршалы С.К. Тимошенко атындағы радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау әскери академиясының тыңдаушысы. Үйленген, 1,5 жасар ұлы бар.
Қазір Қазақстаннан аталған академияда 6 курсант, 2 тыңдаушы мен 1 адъюнкт білім алып жатыр. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Алматы облысының Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөлімінен аталмыш білім ордасына оқуға түскен. Дәріс бір айдан кейін аяқталады.