Қызылорда облысында талапкерлердің бірі тест тапсыруға 13 смартфон алып келген
Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Әбдісатарқызы мен «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов (Ұлттық тестілеу орталығының экс-директоры) Halyq Uni подкастында қонақ болып, ҰБТ төңірегіндегі соңғы өзгерістер жайлы әңгіме қозғады.
Сарапшылар Ұлттық тестілеу орталығы басшылығына қандай қысым болатынын, өтініш айтатын ата-аналар мен туыстарына қалай жауап беретінін айтты.
Ұлттық тестілеу орталығының экс-директоры Дидар Смағұлов ұйымды басқарып тұрғанда телефонын өшіріп, туыстарымен араласуын уақытша тоқтатуға мәжбүр болғанын айтты.
«Өкінішке қарай, кей туыстарымыз позициямызды түсінбеді. Барлық бала бірдей, ешкімге артықшылық көрсетпеу туралы талап министрдің өзінен басталды. Сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің туыстыраның бірі уақытында ҰБТ-ға тіркеле алмай, тағы бірі грантқа түсе алмады. Министрдің туған ағаларының балалары. Бұл біз үшін үлгі болды. Егер министрдің туыстары осылай болып жатса, демек біздің де туыстарымызға сондай талап.
Тіпті, кей туыстарымызбен осы күнге дейін араласпаймыз. Өйткені, олар басқаша қабылдады. «Дидар қарайласуды қойды, адам танымай кетті» дегендер болды. Барлық баланың жүзіне тура қарай аламын. 150 мың бала тест тапсырса, соның ешбіріне артықшылық берген жоқпыз. Қазір де талап осындай деп ойлаймын», - деді Ұлттық тестілеу орталығының экс-директоры.
Одан бөлек, Дидар Смағұлов өзі куә болған тағы бір жағдайға тоқталды.
Қоғам дайын болмады. ҰБТ талаптарын қатаңдатпауды сұрағандар болды. Митингке шыққан ата-аналар болды. Көп жағдайға кешіріммен қарауды сұрағандар болды. Бірақ, талап бәріне ортақ. Смартфонды тест барысында пайдаланбақ тұрмақ, тіпті алып кіруге оқталуға да жол бермедік.
Есімде қалған бір жағдайды айтайын. Қызылорда облысында бір талапкер тест тапсыруға 13 смартфон алып келген. Әйтеуір біреуін алып кіруге оқталған шығар. Бірақ жол бермедік. Есесіне қаншама уақытымызды ұстады. Ұйымдастыру жағдайына кедергі келтірді, басқа талапкерлерді күттіріп қойды, - деді Дидар Смағұлов.
Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Әбдісатарқызы былтыр ҰБТ тапсырғандар арасында 300-ден астам заң бұзу тіркелгенін, биыл 200-ге жуық талапкер ереже бұзғанын атап өтті.
ҰБТ-ға дайындықты қашан және қалай бастаған дұрыс? Тест тапсырушы телефон мен «шпаргалка» алып кірген жағдайда не болады? Талапкер орнына бөгде адам кірсе ше? Талапкер жеңіп алған грантынан қандай жағдайда айырылып қалуы мүмкін? Сарапшылар осы және өзге де сұрақтарға жауап беріп, ҰБТ айналасындағы проблемаларға тоқталды.