Электр пойызы 14 маусымнан бастап аптасына 5 рет қатынайды
Енді Астанадан Бурабай курортына электр пойызбен 2,5 сағатта жетуге болады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі хабарлады.
ҚТЖ «Астана-Бурабай курорты» бағытындағы пойыздың жол жүру уақытын қысқартты. Енді жолаушылар Бурабайға 4 сағаттың орнына 2,5 сағатта жете алады.
Ол үшін №7553/7556 «Қарағанды-Астана» электр пойызының маршруты Бурабай курортына дейін ұзартылды. Қарағандыдан Астанаға дейін бұл пойыз №7553/7556 нөмірімен жүреді, ал Астанадан Бурабай курортына дейін №6811/6812 нөміріне ауысады.
14 маусымнан бастап бұл пойыз аптасына 5 рет қатынайтын болады. Осылайша «Қарағанды-Астана-Бурабай» электр пойызы дүйсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері жүреді.
Бұдан бөлек №7507/7508 «Астана-Көкшетау» электр пойызының маршруты Саумалкөл станциясына дейін ұзартылады. Енді бұл пойыз аптасына 3 рет – жұма, сенбі және жексенбі күндері жүреді. Сондай-ақ Бурабай бағытында күнделікті №6829/6830 «Астана-Көкшетау» электр пойызы қатынайды.
Ал билет құнына келсек, электр пойызына билет құны 2 271 - 2 943 теңге аралығында болады. Қосымша электр пойыздары билетін 11 маусымнан бастап bilet.railways.kz сайтында және теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассасынан алуға болады.