Halyq Uni логотип
×

Астанадан Бурабайға пойызбен 2,5 сағатта жетуге болады

Электр пойызы 14 маусымнан бастап аптасына 5 рет қатынайды

 Халық үні 12.06.2024 | 10:28
Астанадан Бурабайға пойызбен 2,5 сағатта жетуге болады
Фото: ҚТЖ

Енді Астанадан Бурабай курортына электр пойызбен 2,5 сағатта жетуге болады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі хабарлады.

ҚТЖ «Астана-Бурабай курорты» бағытындағы пойыздың жол жүру уақытын қысқартты. Енді жолаушылар Бурабайға 4 сағаттың орнына 2,5 сағатта жете алады.

Ол үшін №7553/7556 «Қарағанды-Астана» электр пойызының маршруты Бурабай курортына дейін ұзартылды. Қарағандыдан Астанаға дейін бұл пойыз №7553/7556 нөмірімен жүреді, ал Астанадан Бурабай курортына дейін №6811/6812 нөміріне ауысады.

14 маусымнан бастап бұл пойыз аптасына  5 рет қатынайтын болады. Осылайша «Қарағанды-Астана-Бурабай» электр пойызы дүйсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері жүреді.

Бұдан бөлек №7507/7508 «Астана-Көкшетау» электр пойызының маршруты Саумалкөл станциясына дейін ұзартылады. Енді бұл пойыз аптасына 3 рет – жұма, сенбі және жексенбі күндері жүреді. Сондай-ақ Бурабай бағытында күнделікті №6829/6830 «Астана-Көкшетау» электр пойызы қатынайды.

Ал билет құнына келсек, электр пойызына билет құны 2 271 - 2 943 теңге аралығында болады. Қосымша электр пойыздары билетін 11 маусымнан бастап bilet.railways.kz сайтында және теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассасынан алуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама