Заңсыз сақталған қару-жарақты ерікті түрде тапсырмаған азаматтар жауапқа тартылады
22 сәуір-28 мамыр аралығында тіркелмеген қаруды халықтан сатып алу акциясын өткізу кезінде Алматы облысының ішкі істер органдарына 44 қару тапсырылды. Бұл туралы облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов айтты.
Акцияның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және қарулы қылмыстар жасау қаупін азайту. Ол жыл сайын өткізіледі. Өзінің тиімділігін дәлелдеді. Мысал ретінде айтсақ, қару-жарақпен жасалған қылмыстар мен құқықбұзушылықтар азайды. Сонымен қатар тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсыру азаматтарға 100 АЕК-ке дейін қосымша ақшалай сыйақы алуға мүмкіндік береді. Бұл жолы қаруды сатып алуға 3 миллионнан астам бюджет қаражаты бөлінді, – деді Еркебұлан Ахметов.
Акцияны өткізу кезінде азаматтардан барлығы 44 тіркелмеген қару, оның ішінде 11 мылтық, 32 тегіс ұңғылы және 1 травматикалық қару сатып алынды.
Еске сала кетсек, қару мен оқ-дәрілерді тапсырған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Ал заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсырмаған азаматтар оны тапқан кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.