Halyq Uni логотип
×

«Қоғамда «нөлдік төзімділік» қалыптастыру қажет». Меморгандар есірткі бизнесімен қалай күресіп жатыр?

Ал наркологиялық орталықтар күрделі жөндеуге мұқтаж

 Ербол Тұрымбет 18.03.2024 | 16:45
«Қоғамда «нөлдік төзімділік» қалыптастыру қажет». Меморгандар есірткі бизнесімен қалай күресіп жатыр?
Фото: ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр «закладчик» болып, синтетикалық есірткі сатумен айналысқан кәмелетке толмаған 41 жасөспірім ұсталған. Биылдың өзінде ұсталғандардың қатары жеті адамға жеткен.

ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, сол балалардың оқитын жерінде қылмыстың алдын алу шараларынан бейхабар болып шығады.

Ұсталған кезде олардан ылғи «мектептеріңде, ЖОО-ларыңда алдын алу шаралары болды ма?» деп сұраймын. Соның жарқын мысалы Ақтөбеде болды. Дәл сол ұсталған баланың мектебінде, сыныбында да өткізілген, бірақ баланың өзі қатыспаған. Сол үшін мұндай шараларға оқушылардың, студенттердің түгел қатысуын қамтамасыз ету керек, – дейді Әмірханов.

Айта кетейік, елімізде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылданған еді. Ол 7 тараудан, 77 пунктіден тұрады. Онда орындалып жатқан шаралардың барысы туралы мәліметті апта сайын бақылап отыратын мүмкіндік бар.

Жоспарда бірнеше меморган бірлесіп орындайды. Себебі, ұзақ уақыттан бергі алғашқы бағдарламалық құжат болып есептеледі. Бақытжан Әмірхановтың сөзінше, осыған ұқсас құжат соңғы рет 2012-2016 жылдар аралығында болған. Ал мұндай бүкіл мемлекеттік органның басын біріктіретін ауқымды құжат бірінші рет қабылданып отыр. Өйткені, бұл мәселені полиция жалғыз өзі күш қолдану әдісімен шеше алмайды.

Министрлік дерегінше, былтырдың өзінде 2 746 латентті қылмыс анықталып, 36 тоннадай есірткі тәркіленген. Арнайы құқық қорғау органдары мен ҰҚК жұмысының нәтижесін қоса есептегенде 1,1 тонна синтетикалық есірткі нарыққа жіберілмеген.

Айта кетерлігі, кешенді жоспардың 44, 45, 46 тармақтарында наркологиялық орталықтарды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі қарастырылған. Өйткені, есірткі тұтынушы адам – ауру адам болып саналады. Нақты санына келсек, министрлік мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 18 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Бірақ, нақтылайтын болса, ол 5-6, тіпті 10 есеге дейін көп болуы мүмкін.

Полиция былтыр 12 ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтаған. Оның төртеуі трансұлттық ұйым болып шықты.

Әрине, көбіне «ақша табам деген қарапайым «закладчиктер» – студенттерді ұстап жатсыздар, негізгі топтарды ұстайсыздар ма?» деген сауалды жиі қояды. Оны біз, әрине, орындап жатырмыз. Бірақ мына кешенді жоспардың негізгі бағыты – қылмыстық алдын алу. Сол үшін де барлық мемлекеттік орган жұмылдырылып отыр, – дейді Бақытжан Әмірханов.

Айта кетерлігі, министрлік екі жыл бұрын «Есірткісіз болашақ» қоғамдық ұйымымен меморандумға отырған. Себебі, министрлік бұл мәселеде мемелкеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың атсалысуын, қоғам тарапынан заңсыз әрекетке, қылмысқа деген нөлдік төзімділік қажет екенін мәлімдеп отыр.

Сонымен қатар соңғы уақыттары есірткі таратушылар цифрлық активтерді қолдануды да әдетке айналдырған. Мәселен, сатып алғысы келген адам есірткінің құнын биткойнмен төлейді. Ал сатушы оны кәдімгі ақшаға айырбастап, банк есепшотына аударып алады.

Оған қоса, дроп-карта деген түсінік бар. Тамыр-танысына банк картасын аштырып, соның атынан операция жасайды. Оған да жауапкершілікті қатаңдатып жатырмыз, – деді Бақытжан Әмірханов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама