Halyq Uni логотип
×

«Қазақ халқы мені анам арқылы жақсы көрді»: Арман Дәулетияровтың кітабы жарық көрді

«Айман Ана» кітабы оқырманға жол тартты

 Ая Өміртай 11.06.2024 | 16:16
«Қазақ халқы мені анам арқылы жақсы көрді»: Арман Дәулетияровтың кітабы жарық көрді
Кітап тұсаукесері, фото: Halyq Uni

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Медиа менеджер, Психология ғылымдарының кандидаты – Арман Давлетяровтың төрт бірдей кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Айман Ана», «Мама Айман», «Қалам ұшындағы ой», «Мәскеулік Шыңғысханның хикаясы» кітаптарының қазақ тілінде жарық көруі – автордың тарихи отанындағы басты жаңалығы. Автордың шығармашылығына орай ұйымдастырылған салтанатты жиын театрландырылған қойылым мен «Айман Ана» кітабының тұсаукесерімен ашылды.

«Айман Ана» кітабында автор анасы Айманның өмір жолын ерекше әсерде терең әңгімелейді. Автордың айтуынша, бұл кітап тек өмір жолынан сипаттайтын әңгіме ғана емес, өз тамырына, мәдениетіне, ана тіліне және халқына деген сүйіспеншілік пен адалдық туралы ода. Айман оқырманға табандылық пен даналықтың нышаны, сүйіспеншілік пен адалдық арқылы өмірдің барлық сынақтарын жеңіп, жан дүниесінде бақытты сақтай білген жанның үлгісін көрсетеді.

«Ана тақырыбы – біз үшін шетсіз де шексіз ұғым. Біздің елімізде нағыз қазақ әйелі қандай болды деген сауалдарға жауап береді. Бүгінде көптеген қазақстандық анам Айман арқылы мені жақсы көріп кетті. Ол – нағыз қазақтың әжесі, анасы болды. Өз елімді, тілімді, ділімді ұмытпай жүруім үшін уайымдайтын еді. Қазақстан ғана емес, посткеңестік елдер аймағы, қала берді әлем бойынша сол бір қайғылы оқиға талқыға салынды. Кездейсоқ емес, әрине. Аталған кітап арқылы отбасындағы шешенің рөлі, әйел рөлінің отбасындағы маңызы туралы жеткізгім келді. Менің айтатыным, қандай да бір жетістіктің бастауында – әке-шешемізге, отбасымызға деген махаббат жатыр. Дәл қазір Қазақстанда ажырасу көрсеткішінің де көп болуы жастардың некеге тұруы кезінде саналы қадаммен баруға тиіс екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан тарихымыз бен мәдениетімізге, анамыз бен жан жарымызға үлкен сыйластықпен қараумыз қажет», - дейді кітап авторы Арман Давлетяров.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кітаптар «Мазмұндама» баспасынан жарық көрді және оқырман автордың жаңа төрт кітабын аталған баспадан сатып ала алады. 

Кітап – ана мен бала арасындағы мейірімді, махаббатты көрсетеді. Қандай ұлы қасиеттерге байланғанын түсінуге болады. Жалпы біздің Отанға, жерге, елге деген махаббатымыз анадан басталады. Сондықтан ананы құрметтеудің рөлі шариғатта жоғары бағаланған. Ана мен бала арасында келіспеушілік, түсініспеу көбейіп барады. Аталған кітап екеуара сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған құнды шығарма деп білемін, - дейді тұсаукесер қонағы, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама