Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында екі жасқа толмаған бала көкжөтелден көз жұмды

Шетінеген сәбиге екпе салынбағаны айтылды

 Дәурен Ерболат 11.06.2024 | 12:46
Қарағанды облысында екі жасқа толмаған бала көкжөтелден көз жұмды
Фото: Halyq Uni

Биыл Қарағанды облысында әлі екі жасқа толмаған бала көкжөтелден көз жұмды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2024 жылғы 9 наурызда Қарағанды облысында сәби көкжөтелден (коклюш) көз жұмды. Оның жасы – 1 жас 11 ай. ДСМ тексеріс жүргізді. Біріншіден, бала шала туған. Екіншіден, екпе алмаған, ауруханаға кеш түскен. Аурудың асқынуынан сәбиге көмектесе алмадық. Көкжөтел жеңіл өтетін ауру емес, - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.

Сондай-ақ Ақмарал Әлназарова көкжөтел вакцинамен басқарылатын инфекцияның бірі екенін атап өтті.

Әлемдегі барлық мемлекет бұл ауруға қарсы балаларға вакцина салады. Бұл эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ұстап тұрады. Былтырдан бері елімізде көкжөтелге қатысты деректің өскенін байқап отырмыз. Ауырған балалардың 80%-ы вакцина алмаған. Көкжөтелдің асқынған түрі өте ауыр болады, емделу де қиын. Сондықтан азаматтарымызды балаларына осы ауруға қарсы вакцинаны белсенді түрде салдыруға шақырамыз. Қосымша вакцинациялауға тағы қаражат бөлінді. Өткен жылдары вакцинациядан өтпеген балалардың арасында қосымша екпе салу жұмыстары жүріп жатыр, - деді ведомство басшысы.

Айта кетейк, көкжөтел – жедел тарайтын, көбіне 8 жасқа дейінгі балаларда болатын жұқпалы ауру. Соңғы жылдары балалар арасында қызылша, көкжөтел және басқа да инфекциялық аурулар жиі кездеседі.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда екпе алмаған 800 мыңнан астам бала бар екенін анықтады. Көкжөтел, дифтерия, А және В вирустық гепатиттері, қызылша, қызамық, сіреспе, полиомиелит, паротит және гемофильлі инфекция сияқты қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы қайталама иммундау жүргізіледі.

Ұлттық егу күнтізбесі аясында екпеден қалып қойған 18 жасқа дейінгі балаларды вакциналауға мемлекеттік резервтен 5 млрд 832 мың теңге бөлінді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама