Halyq Uni логотип
×

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халықтың денсаулығына кері әсер етті ме – министр жауабы

Биыл наурыздан бастап Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі (UTC+5) енгізілді

 Дәурен Ерболат 11.06.2024 | 12:22
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халықтың денсаулығына кері әсер етті ме – министр жауабы
Ақмарал Әлназарова, фото: Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова уақыт белдеуін өзгерту қазақстандықтардың денсаулығына қалай әсер етіп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Биыл ақпанда сізге сұрақ қойғамын. Онда сіз «Жаңа уақыт белдеуі халықтың денсаулығына оң әсер етеді деп есептеймін» деп айтқансыз. Бірақ (бұрынғы уақыт белдеуін қайтару үшін) петицияға қол қойып жатқан азаматтар бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындарды айтуға болады. Онда уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты тұрғындарға психологиялық және физикалық жүктеме түскен. «Ертерек тұратын болдық, ұйқымыз қанбайды, жұмысымыз өнбейді» деп тұрғындар шағымданып жатыр. Сіз әлі де сол пікірдесіз бе? Қазір петицияға қол қойғандардың саны 50 мыңнан асты. Қазір қандай пікірдесіз? Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару керек деп ойламайсыз ба?», деп сұрады БАҚ өкілі.

Ақмарал Әлназарова мұндай шешім ғылыми деректерге сүйене отырып қабылданғанын атап өтті.

«Негізі сағат белдеуін өзгерту мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланды. Біріншіден, бұл жұмысқа еліміздегі ғылыми орталықтар тартылды. Мысалы, физиология институты, Фесенков атындағы астрофизика институты. Сондықтан бұл шешім ғылыми деректерге сүйене отырып қабылданды. Екіншіден, сағат белдеуі өзгергеннен кейін емханалар мен ауруханаларға науқастардың айтарлықтай түсіп жатқанын байқамадық. Сондықтан бүгінде (уақыт белдеуін өзгерту – авт.) денсаулыққа кері әсерін тигізген жоқ деп айтуға негіз бар», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ Ақмарал Әлназарова Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайға тоқталды.

Бұл мәселені негізінен Шығыс Қазақстан облысындағы азаматтарымыз көтеріп отыр. Онда күннің ерте шығып, ерте бату мәселесі бар. Алайда мұнда (халықтың) денсаулығына қатысты мәселе көріп тұрған жоқпын, - деді Ақмарал Әлназарова.

Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов Halyq Uni тілшісіне бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты жұмыс тобына астрофизика, радиология, онкология бойынша мамандар және денсаулық сақтау министрлігінің 6 жоғары оқу орнының ғалымдары қатысқанын айтты.

Мамандар тобы үкіметке үш түрлі жоба ұсынған. Ішінде жауапты орган қазақстандықтар үшін бір уақыт белдеуін енгізуді таңдаған.

Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев бірыңға уақыт белдеуіне көшу мәселесі ұзақ талқыланғанын айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама