Halyq Uni логотип
×

Үкімет Қазақстанның таза ауыз сумен қашан 100% қамтамасыз етілетінін айтты

Қазір республикада ауыз сумен толық қамтамасыз етілмеген 24 қала мен мыңнан астам ауыл бар

 Дәурен Ерболат 11.06.2024 | 12:03
Үкімет Қазақстанның таза ауыз сумен қашан 100% қамтамасыз етілетінін айтты
Фото: Halyq Uni

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің алдында 2025 жылдың соңына дейін бүкіл Қазақстанды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспары тұрғанын айтты.

«2025 жылдың соңына қарай біз халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл – аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Уақыт тығыз, небәрі 1,5 жыл қалды. Әкімдіктер сумен жабдықтау көрсеткіштерінің жоғары деңгейіне қарамастан, ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сумен қамтамасыз ету жұмыстары басым тәртіппен қаржыландырылуға тиіс. Елді мекендердің ішінде топтық су құбырлары инфрақұрылымын ауылдардың шекарасына дейін тарту жоспарларымен үйлестіру керек. Кейбір топтық су құбырларын салу жобалары жылдар бойы іске асырылып келе жатқанын жақсы білеміз», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Премьердің айтуынша, кей ауылдардың ішіндегі желілер дайын болғанымен, онда қажет су көзі жоқ.

Мысалы, Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында осындай жағдай бар. Яғни ауыл ішінде желілер тартылған, ал Кенжебай және Рақымжансай топтық су құбырын салу жобасы әлі іске асыру сатысында, - деді премьер-министр.

Үкімет басшысы бөлінген қаржыны толық игеру керектігін еске салды.

«Жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты былтыр бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды.

Бұл ретте суды жіберген кезде олардың ішкі желілері қандай күйде болады деген орынды сұрақ туындайды. Болмаса жөндеу жүргізіп, қосымша шығыстар талап етіледі. Бұл – дұрыс жоспарламаудың салдары», - деді Үкімет басшысы.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде республика бойынша 24 қала мен мыңнан аса ауыл ауыз сумен толық қамтамасыз етілмеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама