Екі өңірде су астында қалған әлі 2 мыңнан аса үй бар
Премьер-министр Олжас Бектенов шенеуніктерге ескерту жасап, су тасқынынан бүлінген үйлерді жаз біткенше салып бітуді тапсырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Елімізде табиғи апат салданынан 18 мың 5 тұрғын үй зардап шеккен, оның 17 295-і тексерілген.
Олар бойынша 2 245 тұрғын үй салу, жылжымайтын тұрғын үй мүлік нарығында 5 235 тұрғын үй сатып алу, 9819 тұрғын үйді жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінде 1 828 үйдің құрылысы басталды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 81 пайызы», - деді Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Министр құрылыс қарқыны баяу өңірлерді атады.
«Бүгінде Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жұмыс қарқыны төмен. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында. Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс қарқыны жақсы. Бүгінде 53 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір республика бойынша 1 943 тұрғын үй сатып алынды, 3 882 т үй жөнделіп жатыр. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары бойынша 1 772 үйдің иесі жер телімдерін алды», - деді министр.
Қанат Шарлапаев құрылыс алаңдарында бейнебақылау камералары орнатылып жатқанын атап өтті.
Әрбір өңірдегі құрылыс алаңында тәулік бойы онлайн режимде істейтін 52 камера орналастырылды. Алдағы аптада Ақтөбе облысында қосымша 6 камераны іске қосу жоспарланып отыр. Әкімдіктер әрбір нысандағы жұмыстарды жеделдету және жұмыстың уақытылы орындалуын ұдайы бақылауы қажет, - деді ведомство басшысы.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов шенеуніктерге ескерту жасады.
«Өткен аптада мен Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Онда жұмыс қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажет қарқынды ала алмай отыр. Тағы да еске саламын, бізде жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп істеуге біраз уақыт талап етіледі. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Мерзімді мүлдем бұзуға болмайды. Бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды. Оған да жіті назар аудару қажет», - деді Үкімет басшысы.
Премьердің айтуынша, көптеген өңірде тасқынға қарсы күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалған, топырақ салынған қаптар пайдаланылған.
Енді әкімдіктер бәрін өркениетті түрде қалпына келтіру керек. Экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықты алып тастап, кәдеге жарату қажет, - деді Олжас Бектенов.