Қостанайда радикалды діни ағым өкілі қамауға алынды
Ол өзге дінді ұстанатын азаматтардың «төмендігін» көрсететін материалдар таратқан
Қостанай облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 30 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады.
Ол радикалды діни идеологияны ұстана отырып, өз ортасы мен әлеуметтік желілерде өзге дінді ұстанатын азаматтардың «төмендігін» көрсететін және діни себептермен зорлық-зомбылыққа шақыратын материалдарды таратқан.
Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, терроризмді насихаттағаны үшін оған қатысты 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделіп отыр. Ал діни алауыздық тудырғаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді басқарма бастығының міндетін атқарушы Сәбит Ибраемов.
Сондай-ақ ол осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті.
Күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамауға алынды. Қазір оның үстінен қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.