Жамбыл облысының әкімі Сметов пен Шымбергеновке ақшалай сыйақы табыстады
Ал олардың жаттықтырушыларына 500 мың теңгеден берілді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Париж Олимпиадасына жолдама алған спортшылармен кездесіп, оларға ақшалай сыйақы табыстады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Кездесу барысында Ербол Қарашөкеев дзюдодан екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов пен бокстан әлем, Азия чемпионы Асланбек Шымбергеновке 2 млн теңгенің сертификатын табыстады. Ал олардың жаттықтырушыларына 500 мың теңгеден берілді.
Еске сала кетсек, 7 маусымда Елдос Сметов Алматыда өткен іріктеу белдесулерінде Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаевты жеңіп, Париж Олимпиадасына жолдама алған еді. Осылайша, Елдос мансабында үшінші рет Олимпиадаға қатыспақ. Ал Асланбек наурызда Италияда өткен лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасына ие болды.
Жалпы, Париж ойындарына жамбылдық 5 спортшы лицензия жеңіп алған. Олардың қатарында еркін күрестен әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы Әлішер Ерғали, дзюдодан Азия чемпионы Данияр Шамшаев, қазіргі бессайыс спорт түрінен Азия чемпионы Георгий Борода-Дудочкин де бар.