Алматы әкімдігі ҰОС ардагерлеріне ақылы автотұрақты тегін пайдалануға рұқсат бермек
Мотоциклдер мен электромобильдердің иелеріне де 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған
Алматыда жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін ақылы тұраққа абонемент енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Қалалық мобилділік басқармасының мәліметінше, тұрақ кеңістігін дамыту жоспары бүкіл қала үшін бірыңғай тұрақ типологиясын және ашық тарифтік жүйені енгізуді көздейді.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, «Алматы паркинг» коммуналдық кәсіпорны жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін абонементті енгізу тетігін әзірлеп жатыр.
Жергілікті тұрғындар басымдыққа ие болады. Олар үшін тұрақ орындарын қайта ұйымдастыру, әсіресе Алматы орталығының резиденттеріне таптырмас нәрсе. Жергілікті тұрғындар арнайы рұқсат алады. Автокөлікті автотұрақ аймағында (үйдің айналасындағы бірнеше блок) абонемент бойынша қоюға болады. Абонемент сатып алған автокөлік жүргізушісі тұраққа сағаттық төлем төлемейді, - деді «Алматы паркинг» басшысы Владимир Ни.
Оның айтуынша, жеңілдікті санаттарға жататын адамдар үшін арнайы режим қарастырылмақ. Атап айтқанда, олар – Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушылар мен мүгедектері, басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, I және II топтағы мүгедектер, Семей ядролық полигонындағы сынақтар салдарынан зардап шеккен мүгедек баланың заңды өкілдері, көпбалалы аналар, сондай-ақ қызметтік міндетін атқарып жүрген мемлекеттік автокөлік жүргізушілері.
Олар тегін тұраққа рұқсат алады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мотоциклдер мен электромобильдердің иелері үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған, - деді Владимир Ни.
Алдын ала жоспар бойынша абонемент 3, 6 немесе 12 айға арналады. Биыл ол тамыз-қыркүйек айында енгізіледі деп болжанып отыр.
Айта кетсек, ақылы автотұрақ пен айыппұлдан түсетін түсімдер көлік жүйесін дамытуға және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталады.