Halyq Uni логотип
×

Құрбан айтта демалысын жоспарлап қойғандар кімді кінәлайды: Еңбек министрлігі, әлде мүфтият?

Биыл қазақстандықтар Құрбан айт мейрамына орай бір күн демалмайтын болды

 Айнұр Шошаева 10.06.2024 | 09:35
Құрбан айтта демалысын жоспарлап қойғандар кімді кінәлайды: Еңбек министрлігі, әлде мүфтият?
көрнекі фото: Halyq Uni

Еске сала кетейік, бұған дейін egov.kz порталы 2024 жылғы Қазақстандағы мереке және демалыс күндерінің күнтізбесін жариялағанда, 17 маусым Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні екенін және дүйсенбі күні демалыс болатынын хабарлаған еді.

Бұл ақпарат еліміздегі барлық дерлік БАҚ-та жарияланып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтындағы діни мерекелер күнтізбесінде Құрбан айт 17 маусымда басталатыны да жазылған. Алайда мүфтият бәрнеше күн қалғанда Құнбан айт мейрамының алғашқы күні 17 маусымға емес, 16 маусымға тура келетіні жайлы пәтуа шығарды.

Мүфтияттың хабарлауынша, биыл 15 маусым – Арапа күні, 16, 17, 18 маусым – Құрбан айт мерекесі.

«Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 6 маусым күні кеш батқанда жаңа айдың көрінуіне байланысты зул-хижжа айының басталғанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ арапа күнінің 15 маусымға және Құрбан айттың алғашқы күні 16 маусымға сәйкес келетіні айтылды. Осы орайда неліктен Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымнан 16 маусымға ауысқаны жөнінде мәлімдейміз», - делінген муфтияттың кейінгі мәлімдемесінде.

Сондай-ақ ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі әр жылдың төртінші тоқсанында келер жылдың діни мерекелері мен күндері көрсетілген кесте әзірлейтінін атап өтті. Онда хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалады.

«Сонымен бірге пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертіп отырады. Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдің) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады. Зул-хижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, маусымның 6-шы кеші жаңа айдың нақты көрінуіне байланысты 7 маусым зул-хижжа айы басталды. Сол себепті жыл басында ескерткеніміздей құрбан айт күні бір күн бері жылжып, 16 маусымға сай келді», - делінген мәлімдемеде.

Аталған мәселеге қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсініктеме беріп, Құрбан айт мерекесіне байланысты 2024 жылғы 17 маусымда қосымша демалыс күні болмайтынын хабарлады. Еңбек министрлігі жыл басындағы күнтізбені ҚМДБ ақпаратына сүйеніп жасағанын мәлімдеді.

2024 жылға арналған өндірістік күнтізбені жасау кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 2023 жылдың 17 қазанында ресми хат жолданды, онда 2024 жылы Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымға түсетіні, бірақ жаңа айдың көрінуіне байланысты ауысуы мүмкін екендігі хабарланған, - деп түсіндірді.

Қазақстанның Еңбек кодексінің 84-бабына сәйкес, мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні демалыс күні. Алайда «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес демалыс күндеріне түсетін мереке күндері ғана ауыстырылады.

Айта кетейік, қазақстандықтардың арасында 17 маусым демалыс болатынын ескеріп, алыс-жақын өңірлер мен шетелге сапарын жоспарлап қойғандар бар. «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов қазақстандықтар келтірілген шығынды өндіру үшін сотқа жүгінуге болатынын атап өтті.

«Егер жұмысқа келмесе тәртіптік жаза емес, жұмыстан шығарылады. Заңға сәйкес, егер жұмысшы 3 сағаттан астам уақыт жұмыстан еш себепсіз қалса жұмыстан шығарылады. Бұған дейін 17 маусым демалыс болады деген ақпарат үкімет сайтында жарияланған болса, ол ресми ақпарат болып саналады. Сондықтан үлкен дауға айналуы мүмкін. Себебі сол күнді демалыс болады деп кейбір азаматтар сапарын жоспарлап, әуе немесе теміржол билетін алып қоюы мүмкін. Кейбірі билетін қайтарған кезде ақшасы қайтарылмауы мүмкін. Мұндай жағдайда ол азаматқа қаржылық шығын келуі мүмкін. Азаматтар қандай да бір шығын келсе, келтірілген шығындарды қосып, үкіметті сотқа беруі керек. Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін шағымдана алады», - деді Дидар Смағұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама