Маған ақша ұрлады деген негізсіз айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды, - дейді ол
Жұбайынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеп, өмірін Салтанат Нүкеновамен салыстырған Ақтау қаласының тұрғыны Арайлым жаңа бейнеөтініш жазды. Ол бұл жолы өзіне полиция тарапынан негізсіз айыптар тағылып жатқанын жеткізді.
Бейнежазбаны #НеМолчи қоры жариялады. Онда Арайлым әлі күнге дейін жұбайынан қорғаныс туралы бұйрық берілмегенін жеткізді. Айтуынша, құқық қорғау органдары күйеуін тұрғылықты жерінен таба алмаған. Сонымен қатар Арайлым ақша ұрлады деген айыппен өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
Маған ақша ұрлады деген негізсіз айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Негізі Астанаға айғақ беруіме рұқсат етілген еді. Алайда полиция басқармасының аға тергеушісі Ақтауда қалу туралы қаулыны әкеліп тұр, - деді ол.
Әйелдің айтуынша, күйеуі бірнеше рет балаларды алып кетіп, таныстарын жұмылдыратынын айтып қорқытқан. Арайлым өзіне және балаларына қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Маңғыстау облысының прокуратурасынан көмек сұрады. Сондай-ақ ол полицейлердің біріне қатысты қызметтік тергеу жүргізуді талап еткен.
Учаскелік инспектор Қырғабақовқа қатысты қызметтік тергеуге бастамашылық етуді сұраймын. Ол өзі қорғаныс нұсқамасын жасай алмады және тапсыра алмады. Ақтау қаласы полиция басқармасы аға тергеушісінің мені қалаға мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулысының күші жойылсын. Өйткені менің кәмелетке толмаған балаларым бар. Оларды өзім қараймын, жалғыз қалдыра алмаймын, - деп түсіндірді Арайлым.
Сонымен қатар ол тұрғылықты жері бойынша куәлік беруге рұқсат сұрады.
«Қазір құқық қорғау органдарына сенуден қалдым. Бір ай бойы басқарма мен полиция департаментінің барлық бастықтарынан көмек сұрап, қорғауды өтіндім. Тіпті бәрінің атын тізімдей аламын. Менде олардың қалай көндіруге тырысқаны туралы дәлелдер бар. Тіпті соңында қаладан кетуге мәжбүр болдым», - деп қосты жәбірленуші.