Еліміздің батысында арнайы тексеріс жүргізілді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Бекіре-2024» балық қорғау акциясының қорытындылары туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
ҰҚК Шекара қызметі биылғы 1 сәуірден 31 мамырға дейін Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында оларға іргелес жатқан аумақтық суларда, Каспий теңізінде «Бекіре-2024» балық қорғау акциясын өткізді. Нәтижесінде 90 аумақтық және ішкі су режимін, 72 шекаралық режимді бұзушылар мен 69 жүзу құралы ұсталды.
Көптеген браконьерлік аулау құралы, оның ішінде 263 км-ден астам тор, 20 мың ілмек тәркіленді. Табиғи мекендеу ортасына 1 085 бекіре тұқымдас балық (салмағы 5 536 кг), 65 474 ұсақ тұқымдас балық (салмағы 52 571 кг), сондай-ақ 67 итбалық жіберілді, – дейді ведомство.
Салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 7,3 млн теңгеден асты. Қазақстанның 3 азаматына қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың түрлеріне, олардың бөліктеріне немесе дериваттарына, пайдалануға тыйым салынған түрлерге заңсыз қарау) қылмыстық істер қозғалды. Мемлекетке келтірілген залал 2,3 млрд теңгеге бағаланады.
Браконьерлерден 580 келіге жуық балық тәркіленді. Балық шаруашылығы комитетінің төрағасына қатысты сот үкімі шықты.