12 өңірде учаскелер жабылды: қанша қазақстандық өз таңдауын жасады?

Дәурен Ерболат

Бүгінде еліміздің 12 өңірінде және 12 шетелдік учаскеде дауыс беру аяқталды

Астана уақытымен 20.00-дегі жағдай бойынша 7 936 655 қазақстандық дауыс берді, бұл тізімге енгізілгендердің – 67,62%-ы. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алдымен ол облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық комиссиялары ұсынған шұғыл деректерге тоқталды.

«Ақмола облысы – 73,81%, Ақтөбе облысы – 55,90%, Алматы облысы – 72,83%, Атырау облысы – 62,45%, Батыс Қазақстан облысы – 65,49%, Жамбыл облысы – 69,59%, Қарағанды облысы – 77,39%, Қостанай облысы – 72,28%, Қызылорда облысы – 75,02%, Маңғыстау облысы – 59,14%, Павлодар облысы – 75,53%, Солтүстік Қазақстан облысы – 75,49%, Түркістан облысы – 80,66%, Шығыс Қазақстан облысы – 77,49%, Нұр-Сұлтан қаласы – 57,06%, Алматы қаласы – 32,25%, Шымкент қаласы 72,53%-ы өз таңдауын жасады», - деді Мұхтар Ерман.

Оның айтуынша, астана уақытымен 20.00-дегі жағдай бойынша 7 936 655 адам бюллетень алған, бұл дауыс беруге арналған тізімге енгізілген азаматтардың – 67,62%-ы.

Сондай-ақ 12 өңірде және 12 шетелдік учаскеде дауыс беру аяқталды.

Дауыс беру учаскерілеріне қазақстандықтардың келуі туралы шұғыл ақпарат сағат 22.00-де беріледі. Онда Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру қалай өткені баяндалады.

Жалпы Қазақстан бойынша референдумға қатысу мүмкіндігі бар қазақстандықтар саны – 11 732 699.