Фестивальде қазақстандық палуан Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров аударыспақ бойынша өнер көрсетті
Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан VI Этноспорт мәдени фестиваліне қазақстандық делегация қатысып жатыр. Төрт күнге жалғасатын фестивальде Қазақстанның аударыспақ және теңге ілу федерациясының спортшылары өнер көрсетіп жатыр.
Этноспорт мәдени фестиваліне биыл 20-дан астам елден мыңнан астам спортшы мен мәдениет саласының өкілдері қатысып жатыр. Оның аясында дәстүрлі спорт түрлері бойынша сайыстар, ұлттық салт-дәстүрлер, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесі өтіп, дәстүрлі музыка және дәстүрлі балалар ойындары ойналды. Сондай-ақ қонақтар күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген қазақстандықтар тіккен киіз үйді тамашалады.
Ыстамбұлдағы фестивальде қазақстандық палуандар Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров аударыспақ спорты бойынша өнер көрсетті. Қос палуан да – Қазақстанның және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, сондай-ақ 2-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы. Сонымен қатар Қазақстан құрамасының мүшелері Нариман Әсімжан мен Азат Түлкібай Түркия төрінде ұлттық спортымыз теңге ілуді таныстырды.
Фестиваль аясында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Неджметтин Билал Ердоған ұлттық спорт федерацияларының басшыларымен кездесті.
Кездесу барасында Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық туралы айтты.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қарқынды дайындық жүріп жатыр. Қазір оған 84 мемлекет қатысатынын растады. Біз барлық елдің делегациясын қыркүйекте Астанаға келіп, дәстүрлі спорт түрлерінің дүбірлі додасын тамашалауға шақырамыз, - деді Исламбек Салжанов.
Айта кетейік, Этноспорт мәдени фестивалін Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы дәстүрлі спорт түрлерін сақтай отырып, оларды дамыту мақсатында 6-шы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жыл сайын аталған фестивальге миллионға жуық адам қатысады.