Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қанат Бозымбаев Үкіметтің су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін қандай жұмыстар істеліп жатқанын айтты:
- Бүгінде 64 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралған;
- Эвакуациялық пункттерде тұрғындарға көмек көрсетіліп жатыр;
- Табиғат апаты кезінде жалпы 11 998 тұрғын үйді, 5 359 саяжайды су басқан;
- Су тасқыны болған өңірлерде 16 715 үй тексеруден өткен. Оның ішінде 15 464 нысанды бағалау жұмысы аяқталды. Бағалау нәтижесінде 9 903 үйді жөндеуге болады, ал 6 875 үй қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды.
- Жарамсыз үйлердің орнына нарықтан 4 525 үй мен пәтер сатып алу, сондай-ақ типтік жобамен 2 350 үй салу жоспарланып отыр:
- Бүгінде нарықтан 1 814 пәтер мен үй сатып алу үшін келісімшарттар жасалған;
- Су тасқыны болған өңірлердегі 841 отбасы жаңа баспанаға қоныстанды;
- Қазір 4 521 отбасының үйлерін жөндеу және қалпына келтіру үшін 57,4 млрд теңге көлемінде өтемақы алған. Жалпы, тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 237 млрд теңге қажет;
Вице-премьер бірреттік төлемдерді төлеу үшін Үкімет тарапынан мынадай шаралар қабылданып жатқан айтты:
- 2024 жылғы 6 маусымдағы жағдай бойынша 31 642 отбасы 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде бірреттік төлемақы алған (барлығы 32 440 отбасыдан өтініш түсті). Оған жұмсалған қаржы сомасы 11 млрд теңгеден асқан;
- Бұл бағыттағы жұмыстар Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай, Ұлытау облыстарында толық аяқталды. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарында төлем беру жалғасып жатыр;
- Бүлінген дүние-мүлікке жүргізілген бағалау ісі аяқталғаннан кейін зардап шеккен тұрғындарға ең қажет заттар сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін (553 800 теңге) қосымша өтемақы төленеді (5 489 отбасы 4 млрд теңге көлемінде өтемақы алған);
- Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары басталды. Қазір өңірлік комиссиялар шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 377 млн теңге болатын 34 өтінімін қарап, мақұлдады.