Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алған
Алматы облысының Шамалған ауылында ер адам ақша үшін әйелін ұрып-соққан.
Оқиға жатақханалардың бірінде болған. Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алған. Ер адамның не істеп жатқаны көрінбейді, бірақ не туралы айтып жатқаны анық естіледі. Ол әйелге айқайлап, ақшаны неге сұрағанда жібермегенін айтып, ұрыс шығарып жатыр.
Жәбірленуші автобуста келе жатқандықтан, өзін нашар сезініп, жібере алмай қалғанын айтып ақталды. Алайда ер адам 6 мың теңгені қайда салғанын түсіндіруді талап ете бастады. Қатты балағаттап, қорлай бастады. Содан кейін соққылар мен әйелдің жылаған дауысы естілді.
Бұл факті бойынша полицияға хабар түспеді. Ақпаратты тексеру үшін мекенжайға учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Ерлі-зайыптының арасында отбасылық жанжал болғаны анықталды. Әйел күйеуінің соққыға жыққанын жоққа шығарып, шағымы жоқ екенін айтты. Ол арыз жазудан бас тартып отыр. Полицейлер денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша жиналған материалды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді, – деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.